Жарнама
Жарнама

Италия - Испания: Жартылай финалдық матчқа превью

07.07.2021, 00:13
32 матч бойы жеңілмей келе жатқан «Скуадра Адзурраға» Луис Энрике бастаған «қызыл фурияның» шамасы келер ме екен?
Жарнама
Жарнама

Италия мен Испания құрамалары УЕФА ЕУРО-2020 турнирінің жартылай финалында өзара мықтыны анықтайтын болады. Матч 6 шілдеде Лондондағы "Уэмбли" стадионында өтеді және Нұр-Сұлтан уақытымен 01:00-де басталады.

Сюжет

Тики-така стиліндегі футболдың шыңына шыққан кезде Испания ұлттық құрамасы 2012 жылғы Еуропа чемпионатының финалында Италияны 4:0 есебімен жеңді, бірақ сол уақыттан бастап қос құрама арасындағы тепе-теңдік өзгерді. Италия ЕУРО 2016-ның плэй-офф кезеңінде Испанияны 2:0 есебімен жеңді. Роберто Манчини шәкірттері жеңісті сериясын 13 матчқа дейін, ал жеңіліссіз сериясын 32 матчқа дейін жеткізіп, өздерінің ұлттық рекордын жаңартты (27 жеңіс, 5 тең ойын). Ширек финалда "Скуадра Адзурраның" бас айналдыратын қарқыны және қарсыластың айып алаңындағы тиімділігі Бельгия құрамасы үшін үлкен қиындық туғызды.

Луис Энрике жаттықтыратын Испания құрамасы - жұмбақ команда. Топтық кезеңде Швециямен және Польшамен тең түскеннен кейін Словакияны 5:0 есебімен ойсырата ұтып, 1/8 финалға өтті. Бұл кезеңде Хорватия қақпасына тағы бес гол соқты. Ширек финалда бірнеше мүмкіндікті жіберіп алды және Швейцариядан тек пенальти сериясы арқылы басым түсті. Бірақ Италия сияқты жоғары деңгейдегі қарсылас "қызыл фурияға" өздерінің ең жақсы футболын көрсетуге мүмкіндік бере қоймас.

Бүгінгі матчқа шығуы мүмкін құрам:

Италия: Доннарумма; Ди Лоренцо, Бонуччи, Кьеллини, Эмерсон; Барелла, Жоржиньо, Верратти; Кьеза, Иммобиле, Инсинье

Қатыспайды: Спинаццола (жарақат)

Испания: Унай Симон; Аспиликуэта, Эрик Гарсия, Ляпорт, Жорди Альба; Коке / Льоренте, Бускетс, Педри; Ферран Торрес, Мората, Дани Ольмо

Қатыспауы мүмкін: Сарабия (бұлшықет жарақаты)

Сарапшылардың пікірі

Паоло Меникуччи, Италия ұлттық құрамасының корреспонденті: Бельгиямен болған керемет ойыннан кейін "адзурри" үшін барлық көкжиектер ашық. Осы ЕУРО-да Италия құрамасы бірнеше ұлттық рекордтарды жаңартты, бірақ алдымен олар қарсыластарының деңгейін ескере отырып, қорытынды шығаруға асыққысы келмеді. Италия FIFA-ның әлемдік рейтингінде көш бастауға дайын ба? Мюнхендегі жеңіс барлық күмәнді сейілтті. Роберто Манчини командасы кез-келген шайқасқа дайын.

Грэм Хантер, Испания ұлттық құрамасының корреспонденті: Испания құрамасында жасырын резерв жоқ: дәл сіз көріп отырған ойыншылар алаңға шығады. Луис Энрике екі солақай орталық қорғаушыны қоюды аса ұнатпаса да, статистика бойынша Испания Эрик Гарсия мен Эмерик Ляпорт орталықта ойнамай жатқанда жиі гол жібереді. Мүмкін, "қызыл фурия" бұл ойында фаворит емес шығар, бірақ бүгін жанкүйерлердің ішін пыстырмайды.

Қос команданың бас бапкері не дейді?

Италия құрамасының бас бапкері Роберто Манчини: "Испания Бельгиядан өзгеше болса да, бұл қиын матч болады. Бұл матч біздің бұрынғы ойынымыздан мүлдем өзгеше болады, бірақ қиындық өткен матчтардан кем болмайды. Испания көптеген жылдар бойы үстемдік етіп келді. Енді олар буын алмасу процесінен өтті, команда жасарды, бірақ керемет ойыншылары мен тамаша бапкері бар".

Испанияның бас бапкері Луис Энрике: "Екі команданың да басымдыққа ие болуы екіталай. Бұл жекпе-жекте кімнің жеңетіні қызық болып тұр. Италияда керемет ойыншылар көп, бірақ бастысы - оларда нағыз команда бар. Олар шабуылдап, біз сияқты жалпы командамен қорғанады. Олар жоғары қысымды қолдануды жақсы көреді, бұл қасиетті өткен жылдары Италия құрамасынан көрмейтін едік. Олар мықты команда, сондықтан матч қызықты болады. Екі команданың да мүмкіндігі бар"

Италияның қорғаушысы Леонардо Бонуччи: "Испанияны қатты сынға алды, бірақ Луис Энрике өз командасын жинап, керемет өнер көрсетті. Олардың негізгі құрамын, жалпы команданы бөліп қарастыру мүмкін емес. Осындай психологиялық тұрғыдан өте мықты командамен ойнау оңай емес. Бірақ біз Италияның соңғы 30 матчтағы керемет ойынын көрсететін болсақ, сөзсіз қалаған нәтижеге қол жеткіземіз".

Испанияның жартылай қорғаушысы Педри: "Екі команданың да жартылай қорғанысы мықты және жоғары сападағы ойын көрсетеді. Алаң ортасында өте маңызды жекпе-жек болады, ең аз қателік жіберген команда жеңіске жетеді».

Соңғы нәтижелер:

Италия соңғы алты матчтың барлығында жеңіске жетті.

Испания үш матчта тең ойнап, үш матчта жеңіс тойын тойлады.

Бүгінгі матчқа Феликс Брих бастаған германиялық төрешілердің қазылық ететінін айта кетейік.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров