«Қайрат» - «Ақтөбе» арасындағы ойынды ҚПЛ-дің 2-туры ғана емес, жалпы турнирдің бірінші бөлігіндегі басты кездесудің бірі деуге болады.
Алматының «Орталық» алаңы қабылдаған матчқа деген қызығушылық, айналасындағы ажиотаж біраз күн бұрын-ақ сезілді. Интригаға толы болатын жөні де бар еді: Луиш Нанидей аңыздарға арқа сүйеген «Ақтөбе» жобасы жаңарған ел чемпионы «Қайратқа» қарсы. Қалай болар екен деп деміміні шіміне тартқандар аз болған жоқ. Күтсе күткендей-ақ, ойын тартысты өрбіді. Жанкүйер қауымның көңілінен шықты деп ойлаймыз. Голға бай болды демесеңіз (әдетте мұндай дәрежедегі ойындар нәтижелі болмайды) тәп-тәуір матчты тамашаладық. Ал кездесудің осылай өтуіне көбіне-көп төрешілер қосынының қосқан үлесі көп. Мұны астын сызып тұрып айтуымыз керек. Себебі, «Қайрат» - «Ақтөбе» арасындағы ажиотажға толы, қысымы орасан ойында басқа-басқа емес өзіміздің азаматтар қазылық жасады. Әділін атқанда, Санжар Ысқақов бастаған қазылар ың-шыңсыз қызмет етіп берді. Қостанайлық маманның бұл жоғары дәрежеде атқарған бірінші кездесуі емес. 40 жастағы қазы Қазақстан премьер-лигасында 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Еуропа Лигасында да қазылық етіп жүрген жайы бар. Іріктеу кезеңдерінде бас төрешінің көмекшісі ретіндегі жұмысымен есте қалып жүр.
Жалпы, соңғы кезде ел ішілік турнирлерде шетелдік төрешілерді шақыру сәнге айналып барады. Өзіміздің емес, өзгенің қазысына жүгіну тенденциясы қазақ футболының бетіне шіркеу түсіретін құбылыс. Мысал үшін, былтыр дәл осы «Қайрат» пен «Ақтөбенің» арасында болған бәсекеде қырғыз қазысы қызмет атқарды. Кеше өзіміздің Санжар Ысқақов мақтаулы Нұрзатбек Әбдіқадыровтан еш кем болған жоқ. Қостанайлық арбитр айтулы кездесуде қазақстандық мамандардың да пісіп жетілгенін, биік дәрежедегі міндеттерді атқара алатынын дәлелдеді. Халықаралық дәрежеде мойындалған айырқалпақты ағайындарды әурелемей-ақ сол ойында да отандық мамандарға жүгінуге болатын еді ғой?! Сол ҚПЛ-2025-те португалиялық мамандар «Астана» - «Елімайдың» ойынында да төбе көрсетті. Отандық функционерлер мұндай қадамға не үшін барды? Жанкүйерлер мен премьер-лига бапкерлері қазақстандық қазыларға сенбейді дегенді желеу ету қаншалықты орынды?
Біздің серіктес: FONBET