Жарнама
Жарнама

Қайрат Нұрдәулетов "Оқжетпестегі" жұмысы жайлы: іштей бір өкініш бар...

12.11.2025, 17:27

"Аладоп.кз" тілшісі Қайрат Нұрдәулетовпен хабарласып бапкердің көкшетаулық "Оқжетпестегі" жұмысы мен онда тап болған кедергілері туралы ойын білді. Сондай-ақ, танымал бапкер жоспарлары мен "Ертістің" премьер-лигадағы әлеуетін бағалады. 

 

Қайрат Нұрдәулетов
Жарнама
Жарнама

- Қайрат Жұмабекұлы, әріптестеріміз сізді «Оқжетпестен» кетіп жатыр деп жазуда. Келісімшартыңыз аяқталғанын білеміз, оны созуға ұсыныс түспеді ме жоқ басқа бір жағдай болды ма?

- Енді солай деп жатса, солай шығар, өйткені ешкім бізге келісімшартты ұзартуға байланысты ұсыныс жасаған жоқ. Содан кейін бәрі бітті деуге де болатын шығар...

- Көкшетаудағы жұмысыңызды қалай бағалайсыз?

- Маусымға келетін болсақ, басымыздан біраз жағдай өтті – «Ертістен» бастап, «Оқжетпеспен» аяқтадық. Біраз дүниені түйдік, жақсы сабақ алдық. Жас бапкерміз ғой, үйренетін дүние әлі жетеді. Қалай дегенде де жақсы тәжірибе болды деп ойлаймын. Мақсатымыз - маусым соңындағы матчтарды ұтып, алғашқы алтылыққа іліну болатын. Еурокубокқа да талассақ деп ойладық. Бірақ, футболшыларға ризамын, барлығы өздерін жақсы жағынан көрсетті деп ойлаймын. Соңына қарай, жігіттерге тәжірибе, күш жетпей қалды ма, білмеймін... Соның салдарынан маусым соңы ойдағыдай болмады. Іштей бір өкініш бар... Әйтсе де, команданың футболға деген көзқарасы, талпынысы тамаша, «өссек, дамысақ» деген ниеттегі футболшылармен жұмыс істедім. Болашақтары жарқын болады деп сенемін.

- Қайрат Жұмабекұлы өзіңіз бен көкшетаулық жанкүйерлердің арасында біраз түсініспеушілік болған сияқты...

- Барлығы демей-ақ қояйын, бірақ жергілікті жанкүйерлер тарапынан біраз қысым болғаны рас. Үйдегі ойындардың өзінде де кейбірі балағат айтып, «кет» деп наразылық білдіріп жатты. Мұның барлығы психологиялық тұрғыда әсер етпей қоймайды ғой. Жалпы, Көкшетауға келгелі сондай бір жағымсыз әсерді сезіндім... Стадионда, әлеуметтік желіде де солай. Оның себебін, түсіне алмай кеттім, бұл, өзіме дейінгі бапкерлерді жақсы көретін, жақтастарының жасап отырғаны ма, жоқ басқа жағдай ма?! Ал бұл ситуация жалғыз мен ғана емес, әйелім мен балама да жаман әсер етті. Өткендегі жанкүйерлермен кішігірім конфликт болғаннан кейін әлеуметтік желідегі коменттер отбасыма ауыр тиді. Балам кәдімгідей ержетіп қалған, ол да ел қатарлы әлеуметтік желіні оқиды дегендей. Жалғыз біз емес, иә, әрине талай бапкердің басынан өтіп жатыр, бұған тек төзе білу керек. Бұл да тәжірибе, осындайдан өтуіміз керек болған шығар деп қоямын өзімше іштей. Сондықтан, ешкімге өкпем жоқ, жанкүйерлердің арасында қолдап, көмектескендер де болды. Жанкүйердің барлығы жаман деп айта алмаймын.

- Қазір немен айналысып жатырсыз? Ұсыныстар бар ма?

- Кішігірім үзіліс алдым. Отбасыңа, жақындарыңа да көңіл бөлу керек қой. «Режим ожидания». Кішкене ойланып, футболдан бір ай болса да сәл демалып алайық. Ұсыныстар болса көрерміз, бірақ әзірге тыныш. Ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе жоқ.

- Қайрат Жұмабекұлы, «Ертістен» ҚПЛ-де не күтесіз?

- Маусымды Бірінші лигада бастадық, «Ертіспен» де жақсы тәжірибе болды. Онда да жақсы келе жатқанбыз, тек сол жақтағы басшылармен ортақ тіл таба алмадық. Кейбір дүниелерде көзқарастарымыз келіспеді. Премьер-лигада қалай боларын тек уақыт көрсетеді, бірақ, әрине Бірінші лига мен ҚПЛ-дің деңгейі жер мен көктей. Қазір «Ертістің» басшылығында отырған білікті мамандар, жақсы бапкерлері бар дегендей. Келесі жылы жақсы бір команда жасақтап, жақсы ойын көрсететініне күмән жоқ. «Ертіс» - тарихы терең клуб! Оларда бәрі жақсы болады деп үміттенемін. Бастысы сәттілік тілеймін!

- Әңгімеңізге көп рахмет, сізге де сәттілік тілейміз! 

- Рахмет!

  

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров