«Оқжетпестің» бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов «Аладоп.кз» сайтына сұқбат беріп, ҚПЛ-дің 20-турында «Жетісуға» қарсы болған ойынды қортындылап, командасының өнерін бағалады.
Сенбідегі бәсекеде көкшетаулықтар 1:2 есебімен ұтылып қалған еді.
- «Жетісуға» қарсы матчтан кейінгі баспасөз-мәслихатында бәрін асықпай қайталап көру керек деп едіңіз. Сенбіден бері біраз уақыт өтті...
- Иә, әрине, ойыннан кейін ізін суытпай бірдеңе айту қиын. Бүгін біраз дүние ойға келді. Ең алдымен - мүмкіндіктерді жүзеге асыра алмағанымыз дұрыс болмады. Гол салатын сәттерді мүлт жібердік. Соларды іске асырсақ, ойын мүлде басқаша өрбитін еді. Ал екіншіден - үзілістен кейін біздің ойынның ырғағы төмендеп кеткен, доп өте баяу жылжыды. Ал бұл жағдай қарсыласқа, оның қорғануына тиімді болды. Сәттілік те жетіскен жоқ, сондай бір моменттерді де ескеру керек. Одан кейін қазір премьер-лигада «Оқжетпеске» деген көзқарас басқаша. Сондай-ақ, команданың басым бөлігі әлі мұндай деңгейді, қысымды көрмеген. Сол да өзінің әсерін тигізуде. Кейбір жігіттер осы қысымның кесірінен жанып кетіп жатыр, асығыстыққа бой алдырып жатқан тұстарымыз көп. Қысқаша айтқанда, психологиялық тұрғыда футболшыларға қиын соғуда. Сондықтан, бұл да бір тәжірибе деуге болады. Бірақ, өткен матчта жігіттер барын салып ойнады. Сол үшін оларға көп рахмет! Иә, бапкерлер тарапынан да қателіктер болған шығар. Мүмкін, футболшыларды дұрыс алмастырмадық, мүмкін басқа жерден қателік. Демек, бізге де әлі жұмыс істеп, өсу керек, тәжірибе жинау керек.
Біздің серіктес: FONBET