Ел біріншілігінің басталуына да санаулы күн қалды. Маусымашар матчта Талдықорғанның «Жетісуы» «Ақсумен» ойнайды. Биылғы ҚПЛ-де жетісулық клубтың әлеуеті қандай болмақ.
Тура жаңа жылдың алдында клубта жақсы жаңалық болды. Команда тізгінін Қайрат Нұрдәулетов ұстаған. Отандық футбол әлемінде есімі көпке танымал, абыройдан кенде емес азамат. Ұлттық құраманың бапкерлік штабында шыңдалған, жастар құрама командасын жаттықтырған Қазақстандағы жас бапкерлердің өкілі деуге болады. Қысқасы, Қайраттың келуін жергілікті жанкүйер жақсылыққа жорыды. Сондай-ақ, жуырда «Тобылдан» Серікжан Мужиков ауысып келді. Бұл трансфер тікелей осы Қайрат Нұрдәулетовтің араласуымен орын алған көрінеді. Бұны да жағымды жаңалықтардың қатарына қосуға әбден лайық. Талдықорғандық жанкүйер Серікжанның Еуропа лигасындағы әдемі голын (Жартылай қорғаушы «Лехтың» қақпасына алыстан гол салған) ұмытқан жоқ. 2011 жылы ел біріншілігін шулатқан құрамның жүрегі осы Мужиков еді. Талдықорғандағы жетістігінен кейін жартылай қорғаушы «Астана» сапына ауысты. Ары қарай Мужиковтың мансабының қалай өрбігені бүкіл Қазақстандық футболсүйер қауымға жақсы таныс. Чемпиондар лигасының топтық кезеңін көрген футболшының тәжірибесі «Жетісуға» көп септігін тигізері анық. Серікжан сөзсіз, Қайрат Нұрдәулетовтің оң қолына айналып, команданы жеңіске жетелеуі тиіс.
«Серікжан Мужиковпен осының алдында да сөйлескен болатынбыз. "Тобылмен" арада біраз шешілмеген бір-екі мәселе бар. Соларды біржақты ете алмасам, міндетті түрде туған жерге қайтамын» деген еді. Серікжан сөзінде тұрды. Команданың нағыз көшбасшысы болатын жігіт қой. Жастарға жөн сілтейді деп сенемін» деген Нұрдәулетов те биылғы капитанның кім боларын ымдағандай. Серікжаннан бөлек, жетісулықтар сапына тағы біраз жаңа футболшы келіп қосылғанын білеміз. Былтыр «Ордабасымен» чемпион болған Виктор Брага, «Мақтааралда» доп тепкен Чарльстон Силва Дос Сантос пен күні кеше ғана «Ақсудан» қақпашы Арсен Сиукаевтың ауысып келгенін айта кетуге болады. Бұдан бөлек, Сербия, Солтүстік Македония, Тәжіксан мен Армения біріншілігінен де келіп қосылған ойыншылар бар. Оларды да тегін алмаған болар.
«Биыл команда 80 пайыз жаңарып отыр. Жерглікті жастар ғана қалды былтырғы маусымның құрамынан. Соларға сенім артамыз» - дейді Қайрат Нұрдәулетов. Жастармен жақсы жұмыс істейтіндігімен белгілі маманның қоластында жетісулықтардың біраз шыңдалатыны анық. Нұрдәулетовтің басшылығымен Асхат Балтабеков, Нұрбол Нұрберген мен Мәди Хасейін сияқты тағы да басқа жетісулықтардың деңгейі көтерілуі мүмкін. Жергілікті футболшылардың шеберлігімен бірге, өзіне деген сенімі де артса керемет болар еді.
«Биылғы маусымда білесіздер, легионерлерге шектеу алынып тасталды. Бәсекелестік арта түседі деп ойлаймын. Сапалы легионерлер келіп жатыр. Біздің футболшылар соларға қарап, алға ұмтылса жақсы болар еді. Бәсекелестік бар жерде алға ілгерілеу де болатыны түсінікті ғой. Қалай боларын алдағы уақытта көреміз енді» - дейді «Жетісудың» бапкері. Нұрдәулетовтің айтуынша, легионерлер легі ішкі біріншік деңгейін көтеруі тиіс.
«Жетісу» соңғы жылдары ала-құла өнер көрсетіп жүр. Былтыр команда чемпионатты 11-ші орынмен аяқтады. Өзгелер секілді әйтеуір, шама-шарқынша жаңа маусымға дайыналды. Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Ондағы жолдастық кездесулері көңіл көншітпейді. Енді, Қайрат Нұрдәулетовтің бір ойлағаны бар шығар. Қалай дегенде де, бізге жаңа бапкердің маусым алдындағы көңіл-күйі жаман емес көрінді.
«Әрбір бапкердің мақсаты болады. Талдықорғанға футбол тойын алып келсек деймін. Осындағы стадионды бұрынғыдай жанкүйерлерге толтырсақ. Басты мақсатымыз Талдықорғандық футболсүйер қауымды жерге қаратпайтындай өнер көрсету. Ұялмайтындай ойын көрсетсек деймін. Дайындық барысында өзімізге керекті ойын жүйесін байқаған сияқтымын. Жанкүйердің жүрегіне жол табу үшін тер төгеміз» - дейді Қ.Нұрдәулетов.
Жетісулық команда ел біріншілігінің алғашқы турларын Алматыдағы «Жас Қыран» стадионында өткізеді. Чемпионат күш алғасын үлкен футбол Талдықорғанға да келіп қалар.
Біздің серіктес: FONBET