«Аладоп.кз» танымал бапкер Болат Есмағамбетовпен сұқбаттасып, «Қайрат» - «Пафос» матчына байланысты пікірін білген болатын.
«Көпшілік «Пафосты» дұрыс танымаған сияқты. Стадионға да біразы «ой, мына киприоттарды жеңу керек» деген оймен келгендей әсер болған. Бірақ, бұл командадан айла асыруға деңгей қажет екен. «Қайрат» кеше соны көрсете алған жоқ. Алматылықтардың қорғаныс шебі жаман ойнамады, бар мәселе шабуылмен байланысты болатын. Алдыдағы барлық футболшының ойыны көңілден шықпады. Дастан Сәтпаев, Громыко, Жоржиньо, Мрынский де сүреңсіз көрінді. Бірақ, бір жайтты ескеру керек – оларды қарсылас қорғаушылары ойнатпады. Маған ұнамағаны – «Қайраттың» ойынында жүйелілік көрінбеді, бей-берекетсіздік байқалды. Меніңше, командалар тең құраммен ойнағанда, матч әлдеқайда қызық болар еді. Қонақтар 10 ойыншымен қалып, «Қайраттың» жоспарын бұзды. Бір команда қорғанысқа жатып алса, екіншісі шабуылға көшті, ал бірақ онысын ойдағыдай іске асыра алған жоқ. Алматылық клубта бір соққыдан басқа гол салатын анық мүмкіндік те болмады ғой. Сол үшін 0:0 әділ нәтиже деуге болады», - деді Б. Есмағамбетов.
Айта кетейік, «Қайрат» ЧЛ жалпы кезеңінде 3 турдан кейін бір ұпаймен 36 команданың ішінде 33-орында келеді.
Біздің серіктес: FONBET