"Селтик" клубы маусымның сәтсіз басталуынан кейін бас бапкер Брендан Роджерстің жұмыстан кеткенін ресми түрде хабарлады.
Бапкердің орны бос қалмайды, команданы бұрынғы бапкер Мартин О’ Нил мен бұрынғы ойыншы Шон Мэлоуни уақытша тізгіндейді.
52 жастағы Роджерс "Селтикке" екінші рет 2023 жылы оралған еді. Ол алғашқы маусымында-ақ команданы Шотландия Премьер лигасында және ел кубоктарында жеңіске жеткізіп, клубтың үстемдігін жалғастырған болатын. Бұған дейінгі 2016–2019 жылдар аралығындағы кезеңінде ол қатарынан үш рет дубль (чемпионат пен кубок) жеңіп, алғашқы маусымда 106 ұпай жинап, "Селтикті" 1899 жылдан бері алғаш рет жеңіліссіз маусым өткізген командаға айналдырған еді.
Алайда биылғы маусым Роджерс үшін сәтсіз басталды. Команда Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде күтпеген жерден Қазақстанның "Қайрат" клубынан ұтылып, турнирден шығып қалды. Ал ел біріншілігінде "Селтик” соңғы турда "Хартсқа" 1:3 есебімен жеңіліп, көшбасшыдан сегіз ұпай артта қалды.
Кейінгі айларда Роджерс клуб басшылығымен трансфер саясатына байланысты жиі келіспей жүргені айтылған. Ол жазғы ауысым кезінде команда күшеюдің орнына әлсірегенін ашық сынға алды:
"Біз көптеген шабуыл әлеуетінен айырылдық. Сен маған “Хонда Цивиктің” кілтін беріп, “оны Ферраридей жүргіз” деп айта алмайсың. Бұл мүмкін емес.” — деген еді бапкер.
Бұл пікірге клубтың негізгі акционері Дермот Десмонд жауап беріп, Роджерстің сыны мүлде күтпеген жағдай болғанын айтты.
"Ол бұған дейін маған да, бас директор Майкл Николсонға да, клуб басшылығына да мұндай шағымын білдірмеген. Керісінше, оған ойыншыларды таңдауда толық еркіндік берілді, әрі рекордтық деңгейдегі қаржы бөлінді.” — деді Десмонд.
Клубтың ресми хабарламасында:
"Брендан клубтың соңғы жылдардағы табысына үлкен үлес қосты. Біз оған алғыс айтып, алдағы карьерасына сәттілік тілейміз.” — делінген.
Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде “Қайрат” дәл осы “Селтикпен” кездесер алдында Брендан Роджерс Алматылық команданы тым төмен бағалап, оп-оңай жеңіп кетеміз дегенге келтірген еді. Алайда нәтижесі не болды, “Қайрат” қандай жетістікке жетті, Брендан Роджерс пен “Селтик” қайда қалды – осылайша барлығын уақыт көрсетіп отыр.
Біздің серіктес: FONBET