Кешелібері Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы жайында түрлі алып-қашпа әңгімелер тарап, әлеуметтік желідегі пабликтер команданың биылға бөлінген қаржысы таусылғанын жарысажазып жатыр. Бұл ақпарат қаншалықты рас? Олай болса, көтерілген мәселені жан-жақты саралап көрейік.
Жалпы «дала қасқырлары» Премьер-лигада бюджеті жағынан көп команданың маңына даілеспейтіні белгілі. Биылғы маусым алдында әкімдікклубқа тұп-тура 1,2 млрд тг. қарастырған. Соған сәйкес, командада футболшылардың ең жоғары жалақы мөлшері 1,8 млн. теңге. Оның өзін санаулы ғана ойыншы алады. Онда «Қайсар» бұл қаржыны чемпионат соңына дейін қалай жеткізе алмай отыр деген заңды сұрақ туындайды. Бірақ, қаржылық қиындықтардың төркіні әріде жатыр.
450 миллион қарыз қайдан шықты?
2019-2020 жылдары ел Кубогын алып, бюджеті асып-тасыған кезеңде ақшаны оңды-солды шашқансол кездегі басшылық «карантин» маусымын 500 миллион теңге төңірегінде қарызбен аяқтаған. Содан бері бұл берешек клуб бюджетінің бүйіріне жабысып,жылдан жылға өтіп келеді. Ал оны төлемесе ФИФА трансферлік шектеу қойып, команда ҚПЛ-нан шеттетілуі мүмкін.
Қарыз неге азаймайды?
Себебі, «Қайсар» ФК жыл сайын жаңа маусымдыминус 450 миллионмен бастауға мәжбүр. Яғни, әкімдік бөлген 1,2 млрд теңгенің жартысына жуығы ескі қарызды жабуға кетеді. Қарапайымарифметикамен есептесек, қалған соманың тағы бір бөлігі Премьер-лига, Бірінші лига және Екінші лигаға қатысу үшін федерацияның жарна пұлына жұмсалады. Сонда бір маусымға клубтың бюджетінде шамамен 500 миллион теңге қалады.Оған «Қайсар-жас» пен «Қайсар-Шиелі» командаларының және балаларға арналған футбол орталығының шығынын қосыңыз. Мұндай бюджетпен қайда барады? Әрине, «Қайсар» ФКжылда қаржы жеткізе алмай келер маусымға қайтадан қордаланған қарызбен өтеді.
Қаржылық мәселе шешіле ме?
Жақында облыс әкімдігі «Қайсар» футбол клубына қосымша 236 миллион теңге қаржы бөліп берді. Бірақ, бұл сома өңір атынан шығып жатқан «Қайсар», «Қайсар-Жас» және Шиелі ауданы әкімдігі «лақтырған» «Қайсар-Шиелі» командаларының маусым соңына дейінгі шығынын жабуға жетпейтіні анық. Сондықтан, алдағы уақытта басымдық Премьер-лигаға беріліп, қосымша қаражат үлкен командаға жұмсалуы мүмкін. Бұл тек біздің пайымымыз.
P/S: Ал клуб басшылығы әзірге бюджеті түгесілгенін жоққа шығарып, жалған ақпарат таратпауға шақырды. Және де «Астана» командасымен матч алдында «дала қасқырларына» әдейі қысым жасалып жатыр деп журналистердіайыптады. Осындай қиындыққа тап болған қызылордалық команда елордалықтарға қарсы ұпай еншілей ала ма, оны 18 қыркүйекте білетін боламыз.
Біздің серіктес: FONBET