Бүгін, 18 тамыз күні Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының кезектен тыс конференциясы өтіп, Тимур Турлов Қарағанды футбол федерациясына 4 жыл мерзімге президент ретінде сайланды.
«Футбол дамуы үшін жүйелі тәсілдер, ашық басқару және нақты нәтиже беретін мақсатты инвестициялар қажет. Дәл осындай тәсілді, біздің ойымызша, аймақтарда да қолдану керек. Сонда ғана жергілікті футбол жаңа мүмкіндіктерге, инфрақұрылымға және өсу перспективаларына ие болады.
Дәл бір ай бұрын мен Қарағандыда болдым. Егер Астана мен Алматыны есептемесек, мен ең жиі келетін қала Қарағанды сияқты. Әрине, тағдырдың өзі осы өңірмен мені және Freedom компаниялар тобын ерекше байланыстырғандай көрінеді.
Мүмкін, бұл тек біздің бірлескен жобаларымыз бен іскерлік мүдделерімізге ғана байланысты емес шығар. Қарағанды – ерекше мінезі, мықты дәстүрлері және спортқа деген таңғажайып сүйіспеншілігі бар аймақ», – деді ол өз сөзінде.
Тимур Турлов 2029 жылға дейін Қарағандыда балаларға, жасөспірімдерге және қыздарға арналған заманауи футбол академиясын салуды көздейді. Жоба аясында 3 500 көрерменге арналған стадион, жыл бойы жұмыс істейтін манеж, жылыту жүйесі бар жаттығу алаңы, жатақхана, медициналық кабинеттер және басқа да инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы қарастырылған.
Біздің серіктес: FONBET