"Селтикті" тағы бір сілкіп алсақ!
«Қайратты» Чемпиондар Лигасының негізгі кезеңінен бірақ қадам бөліп тұр. Бір-ақ ойын! Алатаудың баурайындағы бәсекеде тағы 90 минут төзіп берсек. Алматылық клубтікі үлкен ерлік әрі тарихи жетістік. Мейлі, осыған дейін бұл биікті қазақтан басқа команда бағындырып тастасын, бұдан қуанышымыз ортайып қалмайды. «Астанадан» кейін арада 10 жыл салып отандық бапкер жаттықтыратын, Дастан Сәтпаевтай жергілікті таланттардан тұратын «Қайрат» Еуропаны шулатуда.
Бұл ұжымның орны біз үшін бәрібір бөлек. Еркін Тапалов, Дамир Қасаболат, Александр Мрынский мен тағы бір топ қазақстандық футболшы жарқ етті. «Қайрат» жүйесіндегі тағы бірнеше қарагөзіміздің жоғары деңгей футболының дәмін татуға мол мүмкіндігі бар. Ол үшін «Селтикті» тағы бір сілкіп алу керек. Жалпы, алматылықтар негізгі кезеңге шықса, қазақ футболы үлкен олжаға кенелейін деп тұр. Тәжірибе, клуб, елдің имиджін айтпағанда, команданың қазынасына қанша қаржы құйылады?! Қысқасы, күллі отандық футбол үшін толайым табыс.
Рафаэль Уразбахтин дегдарлығын тағы бір дәлелдеді. Көпшілік, кешегі кездесуде алматылық маманды ойыншы алмастырмағаны үшін сөгіп жатыр екен. Бекер. Жаттықтырушы жүріп тұрған жүйені бұзғысы келген жоқ. Уразбахтин алаңдағы ойынның градусын терең сезіне білетін, футболшылардың жайын жақсы білетін маман. Сол үшін де жас пері Дастанды соңына дейін ұстаған шығар дейміз. Шабуылшы кеше өзінің үздік ойынын көрсетті, ал бапкері оны біліп отыр. Қалай дегенде де, «Қайраттың» Сәтпаевтан соңғы секундттарда сары қағаз емес, нәтижелі соққы күткені айқын. Бірақ амал не, болған іс болды. Жауапты матчта Дастанның орны ойсырайын деп-ақ тұр. Алайда, бұл олқылықтың орнын толтыруға, азулы қарсыласқа қарсы гейм-план ойластыруға уақыт жеткілікті. Оған дейін Луиш Мата мен Зарианың да жарақаты жазылып қалар. Громыко бастаған көшбасшылар да қазақ футболының жаңа Дастанын жазу үшін жақсылап тынғып алар!..
Біздің серіктес: FONBET