Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров футбол клубтары жеке инвесторлардың қолына өткеннен кейін оларды қаржыландыру жүйесі қалай өзгергенін баяндады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Омаровтың сөзінше, барлық клубтарға ортақ бір ғана жекешелендіру схемасы жоқ. Кейбір ұжымдар толықтай жеке кәсіпкерлердің есебінен өмір сүріп жатса, енді біреулеріне мемлекет әлі де қолдау көрсетіп келеді.
ҚФФ басшысы бұл процестің ішкі құрылымына тоқталып, пайыздық көрсеткіштерді атап өтті.
"Қазіргі таңда клубтардағы мемлекеттік қаржыландыру үлесі шамамен 30-40%-ды құрайды. Мендегі ақпарат бойынша, бұл мемлекеттік қаржы тек балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға жұмсалады. Клубтардың негізгі кәсіби бірінші командаларына қатысты барлық шығындар толықтай жеке инвесторлардың есебінен жабылады."
Маусым аяқталғаннан кейін ҚФФ тарихта тұңғыш рет клубтарды жекешелендіру процесінің қалай өткені туралы егжей-тегжейлі ресми есеп ұсынбақ. Марат Омаров Ulys Media-ға берген сұхбатында бұл ақпараттың барынша ашық болатынын жеткізді:
"Біз толық ақпаратты жариялаймыз: клубтардың қандай үлесі кетті, қаншаға сатып алынды, қандай қаржыландыру сақталып қалды, қандай жоспарлар іске асты және қайсысы орындалмай қалды. 2026 жылдың қорытындысы бойынша бұл мәліметтерді міндетті түрде жарыққа шығарамыз.” – дейді Омаров.
Біздің серіктес: FONBET