Қазақстан футболындағы ең күрделі әрі қауіпті проблемалардың бірі келісілген ойындар мәселесі. Бұл тақырып Мәжілісте көтеріліп, қоғамда үлкен резонанс тудыруда.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Бас прокурор Берік Асыловқа ресми депутаттық сауал жолдап, ел футболындағы келісілген матчтарды жан-жақты тергеуді талап етті. Оның айтуынша, халықаралық Sportradar компаниясының мәліметіне сәйкес, 2022 жылы Қазақстан келісілген матчтар саны бойынша әлемде төртінші орынға шыққан. Бұл көрсеткіш біздің елдегі футболдағы әділетсіздіктің жүйелі әрі кең таралғанын дәлелдейді.
Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров мәселенің бар екенін ашық мойындағанымен, оны шешу үшін жүйелі қадамдар жасалмағаны айтылды. Бұған қоса, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ кей матчтардың букмекерлік компаниялар тарапынан сызықтан алынып тасталатынын, алайда мұндай фактілердің ресми тергеусіз қалып жатқанын көрсетіп отыр.
Әлемдік спорт тәжірибесінде келісілген ойындарға қарсы қатаң шаралар қолданылып келеді.
Германия (2005 ж.) – төреші Роберт Хойзер 2 жыл 5 айға сотталды.
Оңтүстік Корея (2011 ж.) – 57 футболшыға жаза тағайындалды.
Италия (2015 ж.) – клуб президенті Антонио Пульвиренти жауапқа тартылып, команда Еурокубоктардан шеттетілді.
Қытай (2013 ж.) – футбол шенеуніктері мен халықаралық төрешілер 5 жылдан 10 жылға дейін түрме жазасына кесілді.
Вьетнам (2005 ж.) – ұлттық құраманың бірнеше ойыншысы 3–4 жылға сотталды.
Бұл мысалдар Қазақстан үшін де үлгі болуы тиіс.
Абзал Құспанның айтуынша, келісілген ойындар тек спорттың ғана емес, жалпы қаржылық жемқорлықтың бір бөлігіне айналып отыр. Егер мемлекеттік органдардағы, квазимемлекеттік сектордағы және коммерциялық құрылымдардағы қаржылық заңбұзушылықтарды тергеу жүріп жатса, футбол саласындағы миллиондаған, тіпті миллиардтаған қаржы айналымы да назардан тыс қалмауы тиіс.
Қазақстан футболындағы келісілген ойындар – ұлттық спорттың абыройына дақ түсіретін ауыр мәселе. Депутаттың көтерген сауалы құқық қорғау органдары тарапынан нақты қадамдарға ұласса, футболдағы әділетсіздікті азайтуға және жанкүйерлер сенімін қайтаруға мүмкіндік болар еді.
Біздің серіктес: FONBET