Жарнама
Жарнама

Қазақстан құрамасы үшінші ойын қатарынан жеңіліс тапты

Ұлттар лигасының «B» дивизионына көтерілген Қазақстан ұлттық құрамасы үшінші ойын қатарынан жеңіліс тапты. Иә, алғашқы турда Норвегиямен тең түскеніміз болмаса, одан кейін сүреңсіз матчтар көңілімізді құлазытып отыр. Бүгін отандық аяқдопшыларымыз Алматының Орталық стадионында Словенияға есе жіберді.

фото ашық дерек көзден алынды
Жарнама
Жарнама

Ресейлік маман Станислав Черчесов ұлттық құраманы тізгіндегелі жеңіске жетпек түгілі гол соғудың өзі мұңға айналды. Матч алдында ел футболшылары осы жолы Ян Облактың қақпасынан саңылау тауып, Матиуш Кектің шәкірттерінен кек алады деген үміт болған. Және алғашқы таймда жігіттер жаман өнер көрсеткен жоқ. Ұрымтал сәттердің бірінде Абат Айымбетов ала допты Облак күзеткен қақпаның маңдайшасына тигізіп, стадионға жиналған қалың жанкүйер дүр сілкінді. Міне, сол сәттен кейін гол соғуға деген сенімділік арта түсті. Алайда қарсылас та қарап қалмады. Словениялықтар үш мәрте қауіпті шабуыл ұйымдастырып, Игорь Шацкийдің қырағылығының арқасында голдан аман қалдық. Осылайша бірінші таймда есеп ашылмады.

Екінші кезеңнің басында да айтарлықтай қарқынды футбол байқалмады. Сөйтсек, словениялықтар асықпай-аптықпай қарсыластың қателігін күтіп жүрген екен. Матчтың 55-минутында Ян Млакар 20-25 метрден қақырата теуіп, сұмдық гол соқты. Тіпті, соққының жойқын болғаны сонша Шацкий қолын созып та үлгермеді. Есеп 0-1. Десе де, жағдайды құтқаруға уақыт жеткілікті болатын. Бірақ, Черчесовтің ойын желісін өзгертуге жоспары болмаған секілді. Қайта қонақтар есепті еселеуге жақын болған. Біздің қорғаушылардың қорқынышты түсіне айналған Беньямин Шешконың соққысы қақпа бағанасына тиіп кері қайтты. Бас бапкер бұл ойында тактикалық жағынан жаңалық ашпаса да Асхат Балтабеков пен Жан-Әли Пайрузге мүмкіндік беріп, қос футболшының ұлттық құрамада дебюті болды. Жалпы Млакардың жалғыз голы матчтың тағдырын шешіп кетті. Осылайша, Словения Қазақстан арасындағы 4-ші кездесу де біз үшін сәтсіз аяқталды.

Жалпы Қазақстан Ұлттар лигасының “В” дивизионында төрт ойын өткізіп, әзірге бір ұпаймен турнир кестесінің соңында келеді. Енді қараша айында ұлттық құрама өз алаңында Австрияны қабылдап, Норвегияда жарысты түйіндейді. Ал жанкүйерлердің сынына ұшыраған Станислав Черчесовтің жұмысы Ұлттар лигасындағы көрсеткішпен бағаланбайды. Федерация Президенті Әділет Барменқұлов Ресей маманына ең бірінші кезекте Әлем біріншілігінің іріктеу ойындарында сәтті өнер көрсету міндеті қойылғанын жеткізген болатын.  

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров