«Аладоп.кз» белгілі бапкер Болат Есмағамбетовпен тілдесіп, «Қайраттың» ЧЛ негізгі кезеңіндегі қарсыластары мен мүмкіндіктері жайында көлемді сұқбат жасады.
Әңгіме барысында беделді бапкер қазақ футболына қатысты бірқатар маңызды ойларын да ортаға салған еді.
- Болат Жолдасұлы, жеребе жолдас болды ма?
- Енді «Жеребе» жайлы не айтуға болады? Чемпиондар Лигасында оңай қарсылас болмайды ғой. Кеше әлеуметтік желіден «Қайраттың» қалай қуанып жатқанын көрсетіп жатыр. Мартынович «Реалдың» жанкүйері болған соң корольдік клубпен ойнағысы келетінін айтыпты. Жоржиньо «ауылыма барып, Португалияда ойнасам» деген екен, оны да ренжітпепті - «Спортинг» түсті. Армандар орындалады деген осы шығар?! Ал жеребе жолдас болды ма жоқ па, оны негізгі кезеңнен кейін білерміз. Жалпы, ЧЛ-ның жаңа форматын сынайтындар көп. Бірақ, менің көңілімнен шығады. Бұрынғыдай топта 6 ойын емес, сегіз матч өткізуге болады. Әртүрлі командалармен өнер көрсетесің. Соларға қарай дайындаласың дегендей. Сол жері бізге қызық. Енді осыдан кейін неге біздің басқа клубтар ұмтылмайды?! «Ақтөбе», «Ордабасы», «Тобыл»... «Қайраттың» жетістігі кәдімгідей серпін берейін деп тұр. Қазір жастар футболды жақсы көреді. Футболға ата-аналарымен келіп жатыр. Бұл деген футболдың популяризациясы. Бізге инфрақұрылым жетіспей жатыр, оны мойындау керек. Жақсы алаң, сапалы стадион жоқ.
- «Қайрат» негізгі кезеңде неше ұпай алуы мүмкін?
- Енді оны қазір дәл болжау қиын. Қалай алады, қай жерден алады дөп басып айту мүмкін емес. Қалай дегенде де, «Қайрат» өз алаңындағы ойындарға ерекше ден қойып, дайындалуы тиіс. Әрине, «Реал», «Арсенал» мен «Интердің» жөні бөлек. Мүмкін, бұл қатарға «Спортингті» де жатқызуға болатын шығар. Бұл клубтарға қарсы өте қиын болатыны анық. Ал қалғандарының «Қайраттан» асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Кипрліктермен, «Олимпиакос», «Брюгге», «Копенгагенмен» де ойнауға болады. Жалпы, алматылық футболшыларға да мұндай мүмкіндік күнде беріле бермейді ғой. Сол үшін өздерін барынша көрсетіп қалуға тырысуы керек. Қалай дегенде де, Алматыға «Реал» Мадрид келеді. Мұның өзі керемет оқиға.
- Осыған дейін бізге мықтылар тек қосалқы құрамын жіберуші еді...
- Иә, «Челси» де келген. Бірақ, бұл топовый командаларға байланысты бір момент бар – «Реалдың» негізгі кезеңнің алғашқы турларында келгені дұрыс. Неге дейсіз ғой? Олар мақсатына жетіп алса, «Челси» секілді кейін қосалқы құрамын жібере салуы да ықтимал. Сол үшін «Реалмен» өтетін барынша ертерек болса дейміз. Мысалы, қыркүйекте болса, бүкіл жұлдыздарын жіберейін деп тұр. Мбаппе, Винисиус бар барлық мықтыларын көріп қаламыз. Ал желтоқсан, қаңтарға кетсе, жаңағыдай жағдай. Бірақ, бәрібір «Реалдың» қосалқы құрамының өзі неге тұрады?! Оның өзі өте мықты ғой, айтары жоқ. Мадридтіктердің қосалқы құрамының өнерін тамашалаудың өзі қызық. Міне, осындай жайттарды ескеру керек.
- «Қайрат» өз алаңында «Пафос», «Олимпиакос», «Брюггені» ұта ала ма?
- Әрине, неге ұтпасқа? Оған өзі де барлығымыз куә болып келе жатқан жоқпыз ба? «Қайрат» сырт алаңда жеңіске жетпесе де, «Купс», «Слованды», «Олимпианы» өз алаңында ұтып кеткен. Бұл үш команданы іріктеудегі клубтардан қатты мықты деуге келмейді. Шамамамен «Селтикпен» бір деңгейдегі клубтар ғой. Қалай дегенде де, Алматыда бұларды жібермеу керек, барынша ұпай жинап қалғаны дұрыс. Негізгі кезеңде үздік 24 ұжым ары қарай өтеді. Былтыр «Брюгге» мен «Спортинг» 11 ұпаймен плей-оффқа шығып кеткен болатын. Біз де солай істей алсақ, жақсы болар еді.
- Болат Жолдасұлы, әңгімеңізге көп рахмет!
- Сіздерге де!
Біздің серіктес: FONBET