Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров пен Өзбекстан футбол қауымдастығының бірінші вице-президенті Равшан Ирматов кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар екі елдің футбол ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, тәжірибе алмасу және аймақтық бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Әсіресе, футбол инфрақұрылымын дамыту мен FIFA Central Asian Cup турнирін өткізу бастамасына ерекше назар аударылды.
Марат Омаров өз сөзінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан футбол саласындағы реформалар, инфрақұрылымды жаңғырту және футбол клубтарын жекешелендіру бағытындағы жұмыстар жөнінде айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде төрт клуб жекешелендірілген, ал ФИФА-ның қолдауымен жалпы білім беретін мектептердің жанынан FIFA ARENA спорт кешендері салу жобасы басталған.
Өз кезегінде Равшан Ирматов Өзбекстан футбол жүйесінде жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы баяндады. Ол елде жаңа инфрақұрылымдық жобалар, футбол академияларының желісін кеңейту, білім беру бағдарламалары мен жаттықтырушылар мен медициналық мамандардың біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстардың белсенді жүріп жатқанын атап өтті.
Кездесудің қорытындысында тараптар жолдастық матчтардың санын көбейтуге, маман даярлау ісін күшейтуге және жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға уағдаласты.
Кездесу соңында екі елдің өкілдері Қазақстан мен Өзбекстан футбол федерациялары арасындағы достық пен әріптестік байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады.
– KFF
Біздің серіктес: FONBET