Молдова ұлттық құрамасының бұрынғы шабуылшысы Виорел Фрунзе УЕФА Ұлттар лигасы аясында Қазақстанға қарсы өтетін алдағы кездесу туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, қазақстандық футболшылар қарымта матчта бұрынғы қателіктерін қайталамауға тырысады, деп хабарлайды Aladop.kz.
13 қарашада Кишинев қаласында Молдова мен Қазақстан құрамалары өзара кездеседі. Бұл ойын екі команда үшін де маңызды болмақ.
Еске салайық, 2 қазанда Астанада өткен алғашқы кездесуде Қазақстан құрамасы Молдоваға 1:2 есебімен жеңілген болатын.
«Қазақстан енді басқаша ойнайды»
Молдова құрамасының бұрынғы футболшысы Виорел Фрунзе алдағы кездесуде Қазақстан ұлттық командасының ойын тактикасы өзгеруі мүмкін екенін айтты.
Оның пікірінше, Астанадағы матчта алаң иелері шабуылға көбірек көңіл бөлгендіктен, Mолдовалық футболшылар қарымта шабуылдарды тиімді пайдаланған.
Ал Кишиневтегі кездесуде жағдай басқаша өрбуі мүмкін.
«Менің ойымша, Қазақстан құрамасы бұл жолы басқаша футбол көрсетеді. Өз алаңындағы кездесуде олар шабуылдауға мәжбүр болды, белсенді әрі агрессивті ойнады. Ал біз көбіне қарымта шабуылға сүйендік. Енді Қазақстан да қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, артық тәуекелге бармайды деп ойлаймын. Олар Молдовадан екі рет жеңілуге жол бере алмайды», – деді Фрунзе We Sport арнасындағы Repriza cu Dorian Jereghi бағдарламасында.
«Қазақстан футболы Молдовадан әлдеқайда дамыған»
Виорел Фрунзе Қазақстан мен Молдованың футболдағы мүмкіндіктерін де салыстырды.
Бұрынғы шабуылшының пікірінше, Қазақстанда футболды дамытуға бөлінетін қаржы көлемі мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктер Молдоваға қарағанда жоғары.
Сондықтан Қазақстандық жанкүйерлер Ұлттық құрамадан Молдова секілді қарсыластарды жеңуді күтеді.
«Қазақстан футбол тұрғысынан әлдеқайда дамыған ел. Оларда қаржы көбірек. Қазақстандықтар Молдова сияқты шағын елдерді міндетті түрде жеңуіміз керек деп есептейді», – деді бұрынғы футболшы.
Фрунзенің айтуынша, Астанадағы кездесуде Қазақстан құрамасы гол жіберіп алғаннан кейін шабуылға бар күшін жұмсауға мәжбүр болған.
Ол мұны жанкүйерлердің жоғары талабымен байланыстырды.
«Стадионға келген жанкүйерлер нәтиже күтеді. Меніңше, олар Молдованы жеңе алмасақ, бұл топта кімді жеңеміз деп ойлаған болуы мүмкін», – деп толықтырды Фрунзе.
Виорел Фрунзе Қазақстан чемпионатында да ойнаған. 46 жастағы Виорел Фрунзе қазақстандық футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс.
2010 жылы Молдовалық шабуылшы «Атырау» клубының сапына қосылып, Қазақстан Премьер лигасында 29 матч өткізіп, жеті гол соққан.
Кейін Беларусьтің «Неман» клубында өнер көрсетіп, одан соң Қарағандылық «Шахтерге» ауысқан. Қарағанды командасында сегіз кездесуге қатысқанымен, гол соға алмаған.
Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының төрт турынан кейін екі ұпай жинап, С лигасының үшінші тобында соңғы, төртінші орында тұр. Ал Молдова құрамасының еншісінде төрт ұпай бар.
13 қарашада Кишиневтегі «Зимбру» стадионында өтетін кездесу Қазақстан уақытымен сағат 22:00-де басталады.
Одан кейін 16 қарашада Қазақстан ұлттық командасы Астанада Словакияны қабылдайды.
Біздің серіктес: FONBET