2026 жылғы Қазақстан Премьер лигасының шымылдығы түрілді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Бірінші турдың алғашқы ойындарында көрермендер керемет матчтардың куәсі болды. Алғашқы төрт кездесудің өзі жаңа маусымның оңай өтпейтінін аңғартқандай.
"Оқжетпес" 1:1 "Елімай"
Ойынның алғашқы таймында Иван Свиридовтың голынан кейін “Елімай” басымдықты ұстап тұрды, бірақ екінші таймда “Оқжетпес" таразы басын теңестіре алды. 74-минутта Владимир Стойковичтің қатысуымен тіркелген бұл автогол ойын тағдырына тікелей әсер етті. Осылайша, екі команда маусымды бір ұпайдан бастады.
"Алтай” 0:1 "Қайрат"
Чемпиондар жаңа маусымды минималды, бірақ маңызды жеңіспен бастады. Жоржиньо 64-минутта соққан голының арқасында матчтың басты қаһарманына айналды.
"Ақтөбе” 4:1 "Тобыл"
Ойынның есебі 24-минутта ашылды. Артур Шушеначевтің пасынан кейін Даниэль Соса мергендік танытып, "Ақтөбені" алға шығарды. Осыдан кейін "Тобылда" есепті теңестіруге мүмкіндік болды, алайда 31-минутта Луйз Герра пенальтиді мүлт жіберді. Бұған қоса, 38-минутта Максим Мякиш қызыл қағаз алып, қонақтар он ойыншымен қалды. Бұл эпизодтар матч тағдырына тікелей әсер етті.
Үзілістен кейін алаң иелері қысымды одан әрі күшейтті. 46-минутта Айдин Зелькович Сосаның пасынан кейін есепті 2:0-ге жеткізсе, 68-минутта Тимур Досмағамбетов үшінші голды соғып, "Ақтөбенің" басымдығын айқын көрсетті. "Тобыл” 72-минутта Александр Зуевтің пасынан кейін Жасұлан Жұмашев арқылы бір доп қайтарды, бірақ арада екі минут өткенде Иван Ордец Луиш Нанидің нәтижелі пасын голға айналдырып, матчтың нүктесін қойды.
"Ордабасы” 2:2 "Ертіс"
Турдың ең драмалық матчтарының бірі болды. Алғашқы болып Максим Федин 9-минутта мергендік танытса, араға көп уақыт салмай Эвертон Мораес 35-минутта есепті теңестірді. Бірақ 64-минутта Павель Седько Павлодарлық клубты есепте қайта алға шығарғанымен, негізгі 90 минутқа қосылған уақытта Эльхан Астанов пенальтиден дәл соғып, командасын жеңілістен құтқарып қалды.
Ертең турдың қалған матчтары өтеді. Қазақстан Премьер лигасы жанкүйерлерге эмоцияға толы маусым сыйлауға дайын.
Біздің серіктес: FONBET