Талдықорған қаласында өтіп жатқан әуесқой футболдан финалдық кезеңінде қатысушылар арасында дау туындады.
Ширек финалдық ойын сәтінде Шымкент қаласының KaspiNET командасы JelaevNAN командасын жеңгенімен, ұйымдастырушылар оларға регламентті сақтамады деген уәжбен техникалық жеңіліс берді.
Осы орайда KaspiNET командасының өкілі Ерсұлтан Раимбековтың жазбасын назарларыңызға ұсынамыз:
"Құрметті ұйымдастырушылар!
Мен, Раимбеков Ерсултан Ыбарайулы, KaspiNET командасының атынан осы хатты жолдаймын. Біз өз тарапымыздан регламент талаптарына сәйкес барлық қажетті құжаттарды мөрімен расталған, қағаз жүзінде толық күйінде алып келдік.
JelaevNAN – KaspiNET арасындағы өткен кездесуде біздің KaspiNET командасы 0:3 есебімен жеңіске жетті. Алайда ойын соңында бізге техникалық жеңіліс (тех.поражение) тіркелді. Себебі ретінде — ойыншымыз Баймухан Хабибулланың connect сайтында тіркелгендігі көрсетілген.
Алайда, бұл жерде маңызды бір жайт бар: Талдықорған қаласының Футбол федерациясы дәл осы Баймухан Хабибулланы матч протоколына өзі енгізіп, құжаттарды өзі жасап берді. Егер бұл ойыншыға қатысуға рұқсат жоқ болса, онда не себепті федерация оны матчтық өтінімге (заявка) қосып, ресми түрде шығарып береді? Бұл әрекетті ұйымдастырушылардың салғырттығы, жауапсыздығы деп қабылдаймыз. Соның салдарынан біздің команда әділетсіз түрде жеңіліске ұшырап отыр.
Одан бөлек, біз қағаз жүзінде тапсырған барлық құжаттар ескерілмей қалды. Байланыс орнатуға тырысқанымызда, кімге қоңырау шалсақ та бір жауап: “шешім өзгермейді, мен жұмысымнан кетіп бара жатырмын” деген жауаптар алдық. Бұл қандай кәсіби емес, жауапкершіліксіз қарым-қатынас?
Егер аула футбол лигасында осындай былықтар мен әділетсіздіктер болып жатса, онда үлкен футболдың жағдайы тіпті өкінішті. Футбол қалай дамиды, егер осындай әділетсіздік пен сыбайлас жемқорлық белең алса? Сонда тек "көке", "Жақе", "ақшасы барлар" ғана жеңе бере ме? “Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін” деген заман боп тұр ма?
Айта кетейін, бұл мәселе тек біздің KaspiNET командасына ғана емес, басқа да командаларға қатысты туындап отыр. Мысал ретінде, дәл сол JelaevNAN командасы да финалдық ойынға дейін бірнеше рет протест жазып келген болатын.
Ал connect жүйесі бізге тиесілі емес. Бұл жүйе KFF Team президенті, ұйымдастыру комитетінің өкілі – Адилет Мукушевтің жеке бақылауында деп айтылған болатын. Бірақ бізге сол жүйе аясында еш көмек көрсетілмеді.
Қосымша ескеретін жайт: дәл осы себеппен біз – KaspiNET және Cypher командалары дисквалификациялансақ, сол себеппен басқа командалар – мысалы, БКС еркін түрде ойнап жүр. Сонда Регламент БКС командасына арнайы жасалған ба? Оларға бәрі рұқсат па?
Егер елде тек БКС командасы ғана "бірінші" саналатын болса, онда басқа командалар не үшін қатысып жүр? Неге бәрін бір команда үшін бұрмалап отырмыз? Бұл – футбол емес, фарс.
Боранбаев Қайрат Советайұлы – БКС командасының өкілі. Сол кісіге тіреліп тұрғандай. Сонда “кімнің "крыша"-сы мықты – сол чемпион” деген ереже ме енді?
Біз әділдік талап етеміз! Регламент барлығына ортақ болу керек! Әр команда тең құқықта болуға тиіс!”, – делінген хатта.
Айта кетейік, JelaevNAN ұжымы финалға шығып үлгерді.
Біздің серіктес: FONBET