«Аладоп.кз» танымал жаттықтырушы Болат Есмағамбетовпен тілдесіп, Қазақстан құрамасының ӘЧ іріктеуі аясында өтетін Солтүстік Македонияға қарсы ойындағы мүмкіндігі жайлы пікірін білген болатын.
Ұлттық құрама одан бұрын бүгін Лихтенштейнді қабылдайды. Бұл матч бүгін 19:00-де басталады.
«Екінші ойын өте қиын болады. Македониялықтар қазір Бельгия мен Уэльспен бірінші орын үшін таласуда. Демек, мотивациясы зор деген сөз. Олар Қазақстанмен өз алаңында тек қана жеңіс үшін ойнайды. Сырт алаңда ұтқан соң басқа ойы болмайды - тек 3 ұпай аламыз деп отырғаны анық. Бірақ, бұл матчта оларда нәтиже тұрғысынан үлкен қысым бар. Сол алаң иелеріне кесірін тигізуі кәдік. Ал біздің футболшылардың жағдайы керісінше. Жігіттер қалай ойнаса да аяқтарына тұсау жоқ.Македония командасының алдындағыдай тек қана 3 ұпай алу керек дейтін міндет тұрған жоқ. Солтүстік Македония өте мықты команда. Басым бөлігі шетелде ойнайды. Былайша айтқанда, Солтүстік Македония Еуропадағы ортаңқол команданың бірі. Команданың барлық позициясында тепе-теңдігі бар. Осының барлығын ескерсек, біздің міндет – Лихтенштейнді ұтып, Македонияда тең түсіп жатсақ та жаман болмайтын еді. Ал ұтып жатсақ тіпті керемет! Қалай дегенде де, Солтүстік Македониямен де қызық ойын болайын деп тұр», - деді белгілі бапкер өз ойын түйіндеп.
Қазақстан ӘЧ-2026 іріктеуінде J тобында 3 ұпаймен соңғы орындардың біріне жайғасқан. Талғат Байсуфинов жаттықтыратын ұлттық команда қазанның 13-де Солтүстік Македонияға қарсы тұрады.
Біздің серіктес: FONBET