Молдова ұлттық құрамасының бас бапкері Лилиан Попеску УЕФА Ұлттар лигасында Қазақстанға қарсы өтетін кездесу алдында команда құрамындағы мәселелер туралы айтты, деп хабарлайды Aladop.kz.
13 қарашада Молдова құрамасы өз алаңында Қазақстан ұлттық командасын қабылдайды. Алайда маңызды кездесу қарсаңында алаң иелері бірнеше футболшысының көмегіне жүгіне алмайтыны белгілі болды.
Лилиан Попеску құрамда Ион Николаеску мен Михаил Каймаковтың болмайтынын растады. Оның айтуынша, екі ойыншы да толық қалпына келіп үлгермеген.
«Біз Ион Николаеску мен Михаил Каймаковты құрамда көргіміз келді. Өкінішке қарай, Каймаков енді ғана қалпына келе бастады, ал Николаескуға көбірек уақыт қажет», – деді Попеску Moldfootball басылымына берген сұхбатында.
Сонымен қатар Молдовалық маман шабуылшы Виталий Дамашканның құрамаға шақырылмауына да тоқталды.
Оның айтуынша, футболшы бұған дейінгі оқу-жаттығу жиынына шақырылғанымен, клубтағы міндеттерін бірінші орынға қоятынын жеткізген.
«Өз басым үлкен айырмашылық көріп тұрған жоқпын. Қазіргі құрамдағы ойыншылар біздің техникалық және тактикалық талаптарымызға сәйкес келеді деп сенемін. Бұл алдағы матчтарда өз нәтижесін береді деп үміттенемін», – деді бас бапкер.
Айта кетейік, Қазақстан мен Молдова құрамалары биылғы Ұлттар лигасында бұған дейін де кездескен.
2 қазанда Астанада өткен матчта Қазақстандық футболшылар қарсыласына 1:2 есебімен күтпеген жерден жеңіліп қалған болатын.
Сол кездесуде Молдова сапынан Ники Клещенко мен Петру Попеску гол соқса, Қазақстан құрамасының жалғыз добын Нұралы Әліп енгізген.
Енді Қазақстан ұлттық командасы сырт алаңдағы кездесуде сол жеңілістің есесін қайтаруға мүмкіндік алады.
Ұлттар лигасының топтық кезеңі аяқталғанға дейін Қазақстан құрамасын екі маңызды ойын күтіп тұр. 13 қарашада ұлттық команда Молдоваға қонаққа барса, 16 қарашада өз алаңында Словакияны қабылдайды.
Бұл кездесулер Қазақстан құрамасының турнирдегі қорытынды орнына тікелей әсер етеді.
Молдова бірнеше ойыншысынан айырылғанымен, бас бапкер Лилиан Попеску қолда бар құрамның мүмкіндігіне сенім білдіріп отыр. Сондықтан қазақстандық футболшылар үшін алдағы сырт алаңдағы матч оңай болмайтыны анық.
Біздің серіктес: FONBET