Молдова құрамасының пресс-атташесі Виктор Даги Ұлттар Лигасындағы қарсыластары жайлы ойымен бөлісіп, Қазақстан командасының деңгейіне баға берді.
«Қазақстанның командасы жаман емес. Бельгиямен тең ойындары біраз дүниеден хабар береді. Сырт алаңда 0:6 болып ұтылғандарына қарамастан, өз алаңдарында жинала біліп тең ойнады. Мұндай қарсыласқа құрметпен қараймыз. Ұлттар Лигасы аясындағы соңғы кездесуімізден кейін Қазақстан ойын тұрғысында біраз ілгері басқан. Меніңше, біздің команда Қазақстанға лайықты қарсылық танытады әрі сыртта да өз алаңымызда да қызықты кездесулер күтемін. Бірнеше жыл бұрын «Қайрат» сапында жасөспірімдер Чемпиондар Лигасының аясындағы турнирде Кишиневке келіп ойнаған Дастан Сәтпаев туралы біраз естігеніміз бар. Ол кезде «Ребеж Академиясының» қақпасына гол салып кеткен еді. Ал қазір ол «Челсимен» келісімшартқа отырды және Бельгия қақпасына гол салған нақ соның өзі екені таңқалатын жағдай емес. Бас бапкердің сеніміне кіретін өте талантты жас футболшы. Одан басқа да жақсы ойыншылары бар әрине. Әлібек Қасым, Нұралы Әліп, Рамазан Оразов, Ян Вороговский, Ғалымжан Кенжебек, Максим Самородов, Ислам Чесноков. Клубтары мен ұлттық құрамадағы ойындарымен олардың есімі үнемі назарда жүреді», - деді молдовалық маман «Sports.kz» сайтына берген сұхбатында.
Қазақстан ҰЛ-да Словакия, Фарер аралдары және Молдова құрамаларымен өнер көрсетеді. ҰЛ 2026-2027-жылғы маусымының С лигасының 3-тобында бақ сынайды. Турнир іріктеуіндегі бірінші тур ойындары 24-26-қыркүйекте өтеді.
Біздің серіктес: FONBET