Жарнама
Жарнама

Кейлор Навас. "Корольдік клуб" капитанының көлеңкесіндегі өмірі

29.01.2015, 02:25
Жарнама
Жарнама
Осыдан жарты жыл бұрын ғана оның қақпадағы шеберлігіне әлем тамсанған болатын. Талай топ-клубтардың арманы еді. Оны Англияда, Германияда, Италияның белді командаларының қақпасында көргісі келген. Бірақ, ол өзі үйренген Испанияда қалуды ұйғарды. Футболшы боламын деп дәметкен әрбір жанның ұйықтаса түсіне кіретін ұсынысты қабыл алды. Реал Мадридтің қақпасын күзетуге бел буды. Бірақ, бүгін қақпасын күзетіп емес, алаң шетіндегі орындығын тоздырып жүр. "Реал Мадридтің" трансфердегі саясаты күллі әлемге аян. Еуропалық, әлемдік додаларды жібермейтін қырағы Фларентино Перес жарқын жұлдызды көре қалса, бірден құда түсуге асығады. Бірақ, Испания астанасына арман қуып келген талай майталмандар, уақыт өте келе бұрынғы деңгейін жоғалтып, келген бағасынан он есе кем соммаға Мадридтен кетіп жататыны да бар. "Реал Мадридке" келмес бұрын, Коста-Риканың қаһарманы неге осы жайтты ескермеді екен? Испанияда қалуды ұйғарған екенсің, түсінеміз. Бірақ, "Реал Мадридтен" басқа да "Левантеден" деңгейі жоғары командалар көп қой. Мысалы, былтыр Куртудан айырылған "Атлетико". Бүгінде, "матрасниктердің" қақпасын орта деңгейдегі Мойя қорғап жүр. Онымен әбден бәсекелес бола алар едің. Сол Мадрид. Әйтпесе, "Валенсия", "Вильяреал". Естеріңізге сала кетсек, Кейлор Навас мадридтіктермен келісім-шартқа отырған кезде, командадан Диего Лопес әлі кетпеген еді. Бір жағдай орындалса ғана Кейлорда мүмкіндік болған. Егер де, Касильяс та, Лопес те командадан кеткенде. Бірақ, Жозе Моуриньо кезінен басталған жанжалдан жалыққан Диего Лопес қана кетті. Қазір, ол "Миланда". Онда сөзсіз бірінші нөмір. Ал, Кейлор Навас Сантьяго Бернабеу қақпасының қожайынымен бетпе-бет қалды. Касильяс-корольдік клубтың тірі аңызы. Мадридтің бүгінгі таңдағы символы. "Реал Мадрид" үшін суға да, отқа да түсуге, жанын беруге дайын нағыз капитан. Өміріндегі екі жылдай уақытқа созылған аумалы-төкпелі кезеңінен кейін, күш жинап, бұрыңғы деңгейіне қайта оралды.  Бүгін қақпаны Касильяссыз елестету қиын. Оған Анчелоттидің де риза екені түсінікті. Әрбір жаттықтырушыға командада бір негізгі қақпашы болғаны ыңғайлы. Уақытында, негізгі қақпашы ретінде іштей Касильясты санаса да, Диего Лопесті оңайлықпен қосалқы құрамға отырғыза алған жоқ. Ал, Кейлор Навасты отырғызу оңай. Мадрид сахнасында жанкүйерлер алдында беделі жоқ жаңа футболшы. Алдын ала жоспар бойынша, Навас қосалқы турнирлерде ғана бірлі-жарым мүмкіндік алуы тиіс еді. Сөйтіп, негізгі құрамға лайық екенін дәлелдеуі керек болатын. Егер де, ол "Левантедегідей", былтыр Бразилиядағыдай ойын өрнегін мүмкіндік берілген ойындарда көрсетіп жүргенде, "Реал Мадридтің" негізгі қақпашысы болуға лайықты деген ой туар еді. Бірақ, ол ешбір жерде екінші нөмір болып үйренбеген. Қосалқы құрамда отыру оған жат. Сондықтан, бір жағынан сол бар, екінші жағынан Касильястың Мадрид алдындағы беделі бар. Осы жағдайлар қақпашыға әсер етіп, мысын басып, бірінші нөмірге таласудан қалды. Сенімділік кетті. Разрушение коста-риканской мечты "Леванте" секілді "ортаң қол" команданың қақпасын күзету басқа да, "Реал Мадридте" ойнау бір басқа. "Левантеде" ол 10 соққының 9-ын қайтарып матч қаһарманы атана алатын. Ал, бұнда әрбір соққыға дайын болуын керек. Топ-клуб жанкүйерлері түсіністікпен, шыдамдылықпен қарай алмайды. Оларға әрбір ойында жеңіс керек. Қақпасына бағытталған бірде-бір соққы дарымауы тиіс. Саған талаптың биігін қояды. Әлеуетті клубтардың жайы осылай. Кейлор Навас бұндай қысымға дайын болмады. Дайын болмағандықтан, қақпаға тұрғанда қателіктер жіберіп жатады. Біз Бразилиядағы әлем чемпионатында ойынымен футбол әлемін тамсандырған төрт қақпашыны көріппіз. Нойер. Нойер ұлттық құрамада да қожайын, "Баварияда" да. Клаудио Браво. "Барселонаға" барып, таңдаудан қателескен жоқ. "Блаугрананың" негізгі қақпашысы. Ойыны сенімді, тұрақты. Ал, қалған екеуінің бүгінде жолы болмады. Англияның, Италияның, Францияның  алдынғы қатарлы командаларының бетін қайтарған Гильермо Очоа "Малага" қосалқы құрамында отыр. Төртінші қаһарманымыз Кейлор Навастың жайы осылай. Коста-Рикалық қақпашы алдында екі таңдау тұр. Ақша немесе футбол. Әр маусымда асып кетсе 15 ойынға қатысып(онда да Испан кубогі, Чемпиондар Лигасындағы топтық кезеңнін соңғы ойындары), Касильястың көлеңкесінде отырып, жайлы кәрілігінді қамтамасыз ететіндей жалақы алу. Иә, Касильяс та мәңгілік емес, кетеді. Мүмкіндік туар. Бірақ, ол мүмкіндік сенде ғана болмайды. Жас қақпашылар шығады. Онымен қоса Де Хеа келуі мүмкін деген сыбыстар бар. Ол келсе, Касильяс кеткеннен кейін он жыл шамасында қақпаны бермейді. Немесе, футбол ойнауды таңдап, Клаудио Браво секілді өз Касильясы жоқ командаға кету. Таңдау еркі өзіңде.  

Фараби ӘБДІХАЛЫҚ

 
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров