Чемпиондар Лигасы ұзақ жылдан бері дәл осындай ойынды көрмеді-ау. Қонақтағы 0:0-ді ескере тұрып, өз алаңындағы 0:2-ден кейін ойынға қайта оралу, бір ойыншыға кем бола тұра соңғы секундтарда жеңісті жұлып алу нағыз қайсар, қасқыр мінезді команданың қолынан ғана келеді. "Астана"-қазақ футболын "кәрі құрлыққа" мойындатты десек артықтық етпес.
Бір апта бұрынғы фин жеріндегі ойын сылбыр өткен еді. Қос команда да текетірестің тағдырың Астанада шешуге бел байлаған болатын.
Ойынның алғашқы минуттары елордалықтар үшін өте сәтсіз басталды. Төрешінің ысқырығынан 4 минут өткеннен кейін Джаллау Хикті алға шығарып кетті. 42-ші минутта Гидеон Баах тіпті есепті еселеді. Қонақтағы ойынның нәтижесін ескерсек "Астанaға" 3 гол салу керек-тұғын.
"Астана" голдарының алғашқысын Патрик Твумасы салып берді. Қонақтар қақпашысының өрескел қателігі жанкүйерлерге үміт отын сыйлады. "Астана" үзіліске дейін бір гол салып алды. Маңыздысы, осы еді.
2-ші тайм басталысымен тайлы-тұяғымен елодалықтар пенальти еншіледі. Каньяс жойқын соққысымен есепті теңестірді. Ал, араға 10 минуттай уақыт өткен соң, Шамконың айып алаңдағы әріптестеріне бағытталған добы күтпеген жерден тоғыздықта бір-ақ тулады.
Жеңіліп жатқан кезде емес, жеңіс қолда тұрған кезде Патрик Твумасидің жүйкесі сыр берді. Қонақтар қорғаушысын қос қолмен сабалап алаңнан қуылып кете барды. Тағы бір гол салуға ұмтылған финдар қойсың ба, бір ойыншыға басымдылығын пайдаланып 86-ші минутта есепті 3:3 қылды. Израилдық төрешінің ойлап тапқан күмәнді пенальтиінен кейін. Бәрі біткендей көрінген. Бір сәтке...
Оңай берілу "Астананың" ойында жоқ еді. Стойлов дер кезінде Кетевоманы алаңға шығарды. Африкалық жартылай қорғаушы ойынға белсенді араласып кетті. 92-ші минутта бұрыштама добын еншіледі. Сол стандартты жағдайдан соң, Постников қақпада допты тулатып елордалықтарды келесі кезеңге алып шықты.
90-шы минутта қақпасын таза голдан сақтап қалған Ненад Эричке жанкүйерлер риза
Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңінің соңғы сатысындағы кез келген қарсыластың оңай болмасы анық. Дегенмен, команда осындай мінезін сақтаса алынбайтын асу жоқ. Былтыр еурокубокте тәжірбие жетіспесе, осы жылы Стойлов баптауымен команда әбден пісті. Ал, бүгінде "Астана" қарағандылық "Шахтердің" екі жыл бұрынғы ерлігін қайталады. Қуаныш ұзағынан сүйіндірсін, ағайын!
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ