Жарнама
Жарнама

Керімовтің кереметтігі неде?

29.02.2012, 20:13
Жарнама
Жарнама

Кішкентай ғана Дағыстанның астанасы - Махачкаланың аты жер жарып тұр. Дұрысы оның даңқын асырып тұрған - футбол. Жоқ, әрине, «махачкалалықтар ала доп тебуде алдыға жан салмай тұр» дей алмаймыз, бірақ соның қадамын өзіндік жолмен іздеуде. Осы елден шыққан миллиардер Сүлеймен Керімов байлығын басқаға емес, отандық футболды өркендетуге шашып отыр. Өткен жылдың қаңтар айында Махачкаланың «Анжи» командасы осы жігіттің иелігіне 100 пайыз өтті. Қарызы 132,1 миллион Ресей сомына жеткен команданы сенімді қолға тапсыруға Дағыстан Республикасының басшысы Магомедсалам Магомедовтің өзі мүдделі болды. Бір анығы, Керімов клубты сатып алған жоқ, ол оған тегін берілді. Өйткені ел басшылығы Сүлейменнің клуб болашағын жарқын етеріне сенді.

Өз кезегінде Керімов те кергіп қалған жоқ, ол жыл сайын командаға 50 миллион АҚШ долларын шығындап отыратынын мәлімдеді. «Форбс» журналының мәліметіне сай, байлығы 5,5 миллиард долларға тең келетін Керімов УЕФА-ның барлық талаптарына жауап беретін заманауи стадион салуды да өз мойнына алды. Бұл стадион 42 мың жанкүйерге арналады деп жоспарланып отыр. Ресейдің «Газпром», «Сбербанк», «Оралкалий», «Полиметалл», «ПолюсЗолото» және басқа да компанияларының акциясына ие Керімов клубты қолына алған кезден бастап-ақ іске бел шеше кірісті. Оның кезінде Италияның «Ромасын» сатып алмақ болғанын футбол мамандары ұмыта қойған жоқ. Енді міне, өзге елдің клубын жарылқағанша өз еліне пайдасын тигізуге ниет еткен Керімов «Анжидің» құрамын атақты футболшылармен толтыруда. Бұл ретте ең алдымен бразилиялық жұлдыз - Роберто Карлосты атап өтеміз. Онан соң «Челсидің» қатарында жүріп, Англия біріншілігінің дәмін татқан Юрий Жирков пен камерундық сайыпқыран Самюэль Это'О клуб сапына қосылды. Кейінірек мақсатшыл ұжым ағылшындық «Арсеналдың» шабуылшысы Андрей Аршавин мен серб ойыншысы Данко Лазовичті «қолға» түсірудің жолдарын қарастырды. Нәтижесінде, Ресей құрамасының серкесі Андрей Аршавиннің команда жейдесін киіп қалуы ықтимал сияқты. Қаржылық мәселені реттеу үшін «Арсенал» басшылығы осы қыстан қалдырмай шабуылшыны сатуға бел байлап отырған көрінеді. Естеріңізге сала кетейік, ресейлік клубтар жаңа ойыншыларға қатысты келісімшарттарға 24 ақпанға дейін қол қоя алады. Ал «Анжидің» жаңа бапкері болып тағайындалған Гус Хиддинкті жанкүйер қауымға таныстырудың өзі артық. «Сиқыршы Гус» деген атқа ие бұл маманның әлемдік футболдағы беделі өте жоғары. Міне, осындай білікті бапкерді командаға алдырып отырған «Анжи» жетекшілерінің іске шындап кіріскелі отырғандары анық. Жуырда «Анжи» голландиялық бапкер келгелі бергі алғашқы бақылау ойынын өткізді. Түркия жерінде дағыстандық ұжым Украина біріншілігінің серкесі «Шахтермен» шеберлік байқасты. Жаңадан құрылып жатқан команданың бірден нәтиже көрсете қоймасы мәлім. Бұл кездесуде Хиддинк бастаған жігіттер қарсыластарынан 1:3 есебімен ұтылып қалды. «Шахтердың» сапында Адриано қос голдың авторы атанып, Мхитарян бір допты өз атына жаздырды. Ал «Анжидің» қатарында Юрий Жирков мергендігімен көзге түсті. Ресейлік басылымдар мұны сүйінші сұрағандай хабарлады: «Анжиді» жетекке алған Гус Хиддинк алғашқы ойында айтарлықтай ауыр жеңіліске ұшырады. Түркияда махачкалалық клуб шабуыл шебінде түсініксіз, қорғаныста мардымсыз ойнап, Донецкінің «Шахтерына» барлық тұрғыда жол берді». Бәсеке соңында бұқаралық ақпарат өкілдерімен ой бөліскен «Анжидің» бапкері «Шахтердың» еуропалық деңгейде бұрыннан бері өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі команда екенін, ал өздерінің алғашқы сынақтан өткендерін тілге тиек етті. Ол ойын барысында бірнеше жас футболшыны ерекше назарда ұстағанын, жалпы алғанда олардың көңілінен шыққанын ортаға салды. Футболды жұлдыздар арқылы дамытып, «Анжидің», сол арқылы елдің абыройын асырмақ дағыстандықтарға сәттілік тілейміз! Шалқар ЕСТЕН
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Келесі жаңалық
Огайдың сұхбаты