Бұл сұрақтың бүгінгі футбол сүйер қауым үшін маңызы жоғары. Әлбетте, әрқайсысы өз клубының бұл «көкпарда» бірінші келгенін қалайды. Биыл біріншіліктің ХХ туры артта қалды. Нағыз мықтыны анықтайтын да кез алыс емес, бірнеше турлар ғана. Ендеше aladop.kz порталы сіздерге чемпиондық атаққа таласып жатқан командаларға тоқталады. Сонымен, кім чемпион болуы мүмкін?..
Әрине, осынау сұрақ қойылғанда ең алдымен көш басындағы команда еске түсері хақ. Біз де қарағандылық «Шахтерден» бастайық. Қазіргі ел чемпиондары биыл осы атағын қорғап қалуды көздейді. Жалпы алғанда қазір керемет ойын өрнегін көрсетуде. Соңғы алты ойынның бесеуінде жеңіске жеткен екен. Әрі бұның төртеуі ірі есептер. Алдағы турларда «Астана» және «Ертіс» секілді азулы қарсыластарымен күш сынасады. Бұл қарсыластары да чемпиондық атақтан үмітті. Сондықтан «кеншілерге» көп тер төгу қажет.
Тағы бір үміткер – қостанайлық «Тобыл». 2010 жылы чемпиондық жүлдені қоржынына салған бұл клубтың да айтар сөзі бар. Соңғы бес тур бойы жеңілістің ащы дәмін татпаған қостанайлықтардың алдағы турдағы қарсыласы «Ақтөбе». Жанкүйерлер «Эль-Классико» деп атап кеткен бұл ойында кім мықты болар екен?! Былтыр үздік алтылықтың санатына қосылмай қалып, чемпиондық атақтан ерте айырылған «Тобылдың» жанкүйерлері тек жоғарыдан көрінуді қалары сөзсіз. Бірақ алдағы турларда «Тараз», «Ордабасы», «Ақжайық» сынды кез-келген командаға кедергі келтіре алатын ұжымдармен кездеседі. «Кеншілерден» бір ұпай қалып келе жатырған «Тобылдың» жүйкесі темірдей болса, чемпион болуы да әбден мүмкін.
«Ертіс»... Бұл павлодарлық клуб ел чемпионы деген атақты бес мәрте алып үлгергені белгілі. Алайда соңғы жылдары бұл команда чемпиондық таласта жеңіліп жүр. Соңғы турда «Ақтөбеге» жол берген «Ертісті» алдаға турларда «Тараз», «Ақжайық», «Ордабасы», «Шахтер» сынды мықты клубтар күтіп тұр. Егер бұл клубтардан ұпай жоғалтатын болса, чемпиондық мақсатты келесі жылға қалдыруға тура келеді.
Соңғы алты ойында жеңілмеген «Ақтөбе» де чемпиондықтан дәмелі. Турнир кестесінің алтыншы орнында ғана келе жатқан бұл ұжымды тізімнен шығару ағаттық. Олардың әлі де өткізілмеген екі ойынын да ұмытпаған жөн. Еврододадан тыс қалып, бар күшін ел біріншілігіне жұмсайтын ақтөбеліктер алдағы турларда «Тобыл», «Астана» сынды клубтардың күшін байқайды. Өзбек легионерлерімен толыққан «Ақтөбе» кез келген қарсыласты қорқыта алады. Қазақстандық «Барселонаны» эксперттер чемпиондық атаққа бірден-бір үміткер деп бағалады. Демек, ақтөбеліктер биыл көп ұжымның мазасын кетіреді.
Менің пікірімдегі чемпиондар – осылар. Биыл таласушылар өте көп. Тізімге «Астана, «Тараз», «Ордабасы» сынды ұжымдарды да қосуға әбден болатын еді. Алайда, олардың жыл сайын соңғы турларда жүйкесі шыдамай, қорғаныстары мүлт кетіп жатады.
Егер бұл ойымды құптамай, өз «чемпиондарыңыз» болса, төменге пікіп қалдырып, дәлелдеп көріңіз.
Есет ТӨЛЕШ