Жарнама
Жарнама

Кімнің асығы алшысынан түсер екен?

05.10.2011, 19:18
Жарнама
Жарнама

Еліміз премьер-лигасындағы биылғы доданың аяқталуына небәрі үш тур ойындары қалды. Дәл қазір қай команданың топ жарарын болжау мүмкін емес. Әрбір кездесулер артта қалған сайын «жауырыншылар» алға тартқан болжамдардың күл-пәршесі шығуда. Қыркүйектің соңғы күні өткен 29-тур ойындарының нәтижелері сөзімізге дәлел. Алдағы бәсекелер тіптен тартысты болмақ. Өйткені бас жүлдеден негізгі үміткер саналып отырған «Жетісу» мен «Шахтер» өзара шеберлік жарыстырар күн алыс емес. Сондай-ақ «Астана», «Ертіс» және «Ақтөбені» де чемпиондық атақтан үміткерлер санатынан сызып тастау ертерек.
Сонымен, 29-тур кездесулеріне шолу жасап өтсек. Көпшілік жанкүйердің назарын өзіне аудартқан «Жетісу» мен «Ақтөбенің» Талдықорғандағы ойыны еді. Асқар Қожабергенов пен Серік Әбдуәлиевтей бапкерлерден тәлім алатын жетісулықтар маңызды кездесуді өте жақсы өткізді. Алаң иелері төреші ысқырығы естілісімен-ақ тек жеңіске ұмтылатындарын дәлелдеп, алға лап қойды. «Жетісудың» өзбекстандық легионері Ұлықбек Бақаев пен өзінің төл өрені Иван Цветкович алғашқы минуттарда «Ақтөбе» қақпашысы Андрей Сидельниковті кезек кезегімен тексеріп алды. Дегенмен қонақтар да қарап қалмай, бірден жауап шабуыл ұйымдастырды. Шеберлік танытудың ендігі реті «Жетісу» қақпашысы Сергей Степаненкоға тиді. Тағы бір сәтте Мван Цветкович пен Саят Сариев «Ақтөбе» қақпасының маңын қарбаласқа толтырды. Ақтөбеліктер де өз кезегінде Марат Хайруллинді алға салып, гол соғудың жолын іздеп көрді. Әйтсе де, ойынның 13-минутында алаң иелері есеп ашты. Ұлықбек Бақаев әріптесі Сергей Остапенконың ұрымтал тұста тұрғанын байқап әдемі пас берді. Қонақтардың екі ойыншысымен допқа таласта жеңіп шыққан Остапенконың баспен соққан добы жерге тиіп барып, Сидельников қорғаған қақпаның оң жақ бұрышынан табылды. Гол жіберіп алған қонақтар енді «Жетісу» қақпасына маза бермеді. Кенжесариев, Аверченко, Лисенков, Хайруллиндер алма-кезек алға ұмтылып, Степаненконы сан соқтырудың амалын таппай әуреленді. Екінші тайм басталған тұста алаң иелері тағы екі өткір шабуыл ұйымдастырды. Бірақ қонақтар қақпасы голдан аман қалды. Екі жақтың ойыншылары да жиі шабуылға шығып, жанкүйер қауымның делебесін қоздырғанымен матчтағы екінші гол 84-минутта тіркелді. «Жетісу» футболшылары кездесуді 67-минуттан бастаған Алексей Щеткиннің көмегімен нәтижені ұлғайтты. Оған пасты Захар Коробов жеткізген еді. Арада үш минут өткенде қонақтар сапынан Марат Хайруллин алаңнан қуылып, командасынның жағдайын тіптен қиындатып кетті. Бір ойыншысы кем «Ақтөбе» алаң иелерінің қақпасына сол күйі гол соға алмады. «Жетісу» басты қарсыластарының бірін ұтып, бас жүлдеге бір табан жақындай түсті. Ойын соңынан сөз алған «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Муханов бәсекенің бірі үш рет қатарынан жеңілген, бірі бес кездесу бойы жеңіске жете алмай келе жатқан екі жақ үшін де аса маңызды болғанын алға тартты. Ол өз шәкірттерінің екі бірдей өрескел қателік жіберіп, қарсыластың гол соғуына жағдай туғызғанын қынжыла айтты. Дегенмен командасының гол соғар мүмкіндіктері де жеткілікті болғанын тілге тиек еткен Владимир Муханов «Жетісудың» алтын жүлде үшін таласты қыздыра беретінін, ал өздерінің енді басқа орындардың біріне қанағат ететіндерін жеткізді.

Өз кезегінде «Жетісудың» бас бапкері Серік Әбдуәлиев алаң төріне жиналған жанкүйер қауымға алғысын жолдады. Ол біріншіліктегі қысқа мерзімдік үзілістің қарсаңында бұл жеңістің орны айрықша болғанын қуана мәлімдеді. Осы күні «Шахтер» ұпай жоғалтты. Бас жүлдеден үміткер кеншілер 29-тур ойынын Шымкентте жергілікті «Ордабасыға» қарсы өткізген болатын. Мықтылармен бәсекеде күшейіп шыға келетін шымкенттіктер бұл жолы да дәстүрден жаңылмады. Азулы «Шахтердың» адуынды шабуылшыларын тұсаулап ұстаған алаң иелері өз қақпаларына бірде-бір гол соққызбады және өздері де нәтижелі соққы жасамады. Тең ойын бірінші кезекте «Шахтерға» кері әсерін тигізді. Кеншілердің бас бапкері Виктор Кумыков өздерінің бұл кездесуге тыңғылықты дайындалғандарын, сол үшін де Шымкентке бес күн бұрын келіп жеткендерін баяндады. «Бірақ жолымыз оңғарылмады» деген бапкер ұлттық құраманың сапында жүрген ойыншыларының бірнеше ұрымтал сәтте гол соға алмағандарын түсінбейтінін айтты. Ол: «Біз мұндай ойынымызбен алғашқы алтылыққа енбей қалған командаларды да ұта алмаймыз» - деді. «Ордабасының» бас бапкері Виктор Пасулько да өз шәкірттерінің ойынына көңілі толмағанын ортаға салды. «Біз осымен екінші кездесуде жеңіске жете алмадық. Енді он бес күндік үзіліске шығамыз, сол уақытта кемшіліктеріміздің төркініне үңіліп, оларды жоюдың жолдарын қарайтын боламыз» - деп ой қорытты шымкенттік маман. Кереку өңірінде «Ертіс» пен «Астана» кездесті. Бұл ойында төрт гол соғылып, оның барлығы да «Ертіс» ойыншыларының еншілеріне жазылды. Есепті 3-минутта алаң иелері ашып, Ұлықбек Асанбаевтың қанжығасы майланды. 66-минутта Алексей Данаев есеп айырмасын ұлғайтты. Арада тағы 11 минут өткенде Глеб Мальцев Эрич қорғаған қақпадан саңлау тапты. Ал ойынның 86-минутында «Ертістің» өкілі Владислав Чернышов өз қақпасына гол соғып алып, амалсыз есеп айырмасын қысқартты. Осы кездесуден кейін «Ертіс» турнир кестесінде бір сатыға жоғарылап, «Ақтөбені» артта қалдырды. Матч соңынан «Астананың» бас бапкері Хольгер Фах «Ертіспен» бәсекеде ұдайы көп гол тіркелетінін, тартыстың қызықты өтетінін айта келе, бір ойыншылары алаңнан қуылғанға дейін командасының тең бәсекелескеніне тоқталды. «Ертістің» бас бапкері Талғат Байсуфинов соңғы төрт кездесуде екі-ақ гол жіберіп, 8 ұпай олжалағандарын хабарлады. Ол: «Алда «Шахтер» мен «Ақтөбеге» қарсы екі бірдей жауапты кездесу тұрғанын, командасының үшінші орынға таласып көретінін мәлімдеді. Төменгі топқа түсіп қалмауды көздейтіндер арасындағы тартыс та қызып тұр. 29-турда «Тобыл» өз алаңында «Атырауды» қабылдаған болатын. Кездесудің 28 және 38-минуттарында Сергей Гридин мергендік танытып, «Тобылды» алға шығарды. Бірінші кезеңнің аяқталуына бес минуттай уақыт қалғанда қонақтар есеп айырмасын қысқартты. Ал үзілістен кейін олар таразы басын теңестіріп, ойындағы тартысты қайта қыздырды. Бұл жолы Нивалдоның соққысы дәл шыққан еді. Дегенмен кездесудің соңына таман алаң қожайындары өз жанкүйерлерін тағы екі гол соғып, қуанта алды. Алдымен 86-минутта Сергей Костюктің алыстан бағыттаған добы қақпа торынан табылды. Артынша Игорь Юрин «Атырау» қақпашысы Андрей Шабановты қапы қалдырып, «Тобыл» 4:2 есебімен жеңіске жетті. Алматының «Қайраты» да маңызды үш ұпайға ие болды. Ағылшын маманы Джон Грегори баптайтын алматылықтар өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» ұтты. Ойынның 29-минутында Константин Головской есеп ашса, 58- минутта Мұрат Сүймағамбетов нәтижені еселеді. Осы жеңісінен соң «Қайрат» алдында келе жатқан «Атырауға» ұпай саны жөнінен жақындай түсті. Қазір екі команданың арасын бар болғаны 2 ұпай бөліп тұр. Турнир кестесінің ең соңында келе жатқан Өскеменннің «Востогы» да өз алаңында «Таразды» 2:1 есебімен ұтты. Бұл ойындағы үш гол да алаң иелерінің еншісінде. Өйткені кездесудің 62-минутында Михаил Габышев өз қақпасына гол соғып алып, «Таразды» алға шығарған еді. Бірақ көп ұзамай алаң иелері есе қайырып, 77-минутта Буряк және 90+1-минутта Згураның көмегімен жеңісті жұлып кетті. Ұлттық құрамамыздың 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі ойындарына байланысты жарияланатын қысқа мерзімдік үзілістен соң премьер-лигадағы тартыс қайта жанданады. 15 қазан күні көш басындағы «Жетісу» Шымкентте «Ордабасымен» кездессе, екінші орындағы «Шахтер» өз алаңында «Ертісті» қабылдайды. Елордамызда «Астана» мен «Ақтөбе» шеберлік байқасады. Сондай-ақ «Тараз» өз алаңында «Атырауды» ұтуға тырысса, Қызылордада «Қайсар» «Тобылдың» тегеурініне шыдап көрмек. Ал Алматыда «Қайрат» пен «Восток» соңғы орында қалып қоймас үшін бәсеке көрігін қыздыруға тиіс.

Шалқар ЕСТЕН

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров