Африканың батысында Атлант мұхитындағы он аралдан тұратын шағын мемлекет — Кабо-Верде тарихындағы ең ірі жетістігіне жетті. Елдің ұлттық құрамасы алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алды. Бұл жеңіс елдің жарты миллионнан сәл асатын халқы үшін тарихи оқиға.
Прайа қаласында өткен шешуші матчта Кабо-Верде құрамасы Эсватиниді 3:0 есебімен ұтты. Осылайша "Көк акулалар" өз тобында Камеруннан озып, бірінші орынмен финалдық кезеңге өтіп отыр.
Голдарды Дейлон Ливраменто, Уилли Семедо және тәжірибелі қорғаушы Стопира соқты. Соңғы минуттағы үшінші голдан кейін 15 мың адамдық стадион қуаныштан жарылып кете жаздады.
Бұл жеңіс ел тарихындағы ең маңызды спорттық жетістіктердің бірі атанды. Бұған дейін Кабо-Верде Африка кубогында екі рет (2013 және 2023 жылдары) ширек финалға дейін жеткен болатын.
Дерек бойынша Кабо-Верденің халқы – небәрі 525 мың адам. Осылайша ел әлем чемпионатына шыққан Исландиядан кейінгі ең аз халқы бар мемлекет атанды.
Кабо-Верде Португалиядан 1975 жылы тәуелсіздік алған, ал әлем чемпионатына алғаш рет 2002 жылы іріктеуге қатысқан еді.
Құраманың табысы кездейсоқ емес. Басты себептердің бірі – бапкер Бубиста (Педру Бриту) басшылық ететін тұрақтылық. Ол 2020 жылдан бері команданы жаттықтырып келеді.
Бубиста – бұрынғы ұлттық құраманың ойыншысы, ол ұжымдық тәртіпке, тактикалық ұқыптылыққа және командалық рухқа басымдық береді.
2023 жылғы Африка кубогында Кабо-Верде Гананы жеңіп, Египетпен тең түскен. Бұл – олардың мықтылармен тең дәрежеде ойнай алатынын дәлелдеген сәт болған еді.
Қызығы, Кабо-Верде футболшыларының ешқайсысы Еуропаның жетекші бес лигасында ойнамайды. Команданың ең атақты ойыншысы – Нидерландта туған Дейлон Ливраменто, ол Португалияның "Каза Пиа” клубында өнер көрсетеді.
Олардың басым бөлігі шетелде туған не сонда өсіп-жетілген диаспора өкілдері.
Мысалы, Ирландияның "Шамрок Роверс” қорғаушысы Роберто Лопес ұлттық құрамаға алғаш рет LinkedIn арқылы шақырылған.
"Әкем Сао-Николау аралынан шыққан. Біз, Кабо-Верделіктер, әлемнің түкпір-түкпіріне тарағанбыз. Бірақ бірге болғанда керемет нәтижеге жете аламыз.” – дейді ол.
Кабо-Верде туризммен аты шыққан, бірақ спортта сирек жаңалық шығаратын ел еді. 2024 жылы Париж олимпиадасында ел тарихындағы алғашқы медаль – боксшы Давид де Пинаның қола жүлдесі елге зор қуаныш сыйлаған. Енді, міне, футболшылар да ел тарихын жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Қазір Кабо-Верде құрамасы FIFA рейтингінде 70-орында.
Кабо-Верде 2026 жылғы әлем чемпионатына Африкадан жолдама алған алтыншы команда болды. Бұған дейін Марокко, Тунис, Египет, Алжир және Гана іріктеуден өткен еді.
Енді ел тұрғындары 4 желтоқсанда Вашингтонда өтетін жеребе тарту рәсімін асыға күтеді.
Біздің серіктес: FONBET