Солтүстік Қазақстан облысында «Қызыл-Жар» футбол клубының лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісіне байланысты тергеу басталды.
Айта кетейік, осыған қатысты дау-дамайдың шеті жазда шыққан болатын. Алайда, жабулы қазан жабулы күйінде қалып, іс аяқсыз қалды. Енді міне жемқорлыққа қатысты әңгіме қайтадан лап ете түсті. Әлеуметтік желілерде футбол клубының өкілдері миллиондаған қарыздарына байланысты тергеуге алынғаны туралы ақпарат тарауда. Тергеушілер бюджет қаражатын жымқыру дерегін анықтаған, сондай-ақ бұл іске клубтың экс-президенті Григорий Лорияның қатысы бар деседі.
«СҚО прокуратурасы мен экономикалық тергеу департаменті клубтың салық міндеттемелері бойынша қарыздарының себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларын жүргізуде. Клуб тергеу органдарына толық көмек көрсетуге дайын екенін және қалыптасқан жағдайды реттеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын хабарлайды», - делінген «Қызылжар СК» футбол клубы баспасөз қызметінің ресми жауабында.
Айта кетейік, «Қызыл-Жар» биыл ҚПЛ-де 29 ұпаймен тоғызыншы орынға табан тіреді. Әли Әлиев жаттықтыратын ұжым 24 кездесудің сегізін ұтып, 5 матчта ұпай бөліскен. Тағы 11 ойында петропавлдық клуб қарсыластарына есе жіберді.
Біздің серіктес: FONBET