Танымал бапкер Асқар Қожабергенов «Аладоп.кз» сайтына сұқбат беріп, отандық клубтарды жекешелендіру тенденциясының пайдалы-зиян тұстарына тоқталды.
«Жаңа жылдан бастап шамамен премьер-лиганың жарты клубы жекеменшікке өтетін сияқты болып отыр ғой. Мемлекеттен бір тиын алмай, дамып жатқан клубтар Еуропада көп. Бүкіл әлемде бар практика, тіпті мына көршілес Өзбекстанның өзінде мемлекеттен қаржыландырылатын клубтар жоқ-ау деймін. Ал бізде клубты жекешелендіріп, одан қалай пайда табуға болатынын Қайрат Боранбаев көрсетті. Ал қазір футболға келіп жатқан Турлов, Ломтадзе сияқты ірі кәсіпкерлер де «Қайраттікіндей» жағдай жасай алатын адамдар. Сондай академия, инфрақұрылымды салуға шамалары жетеді. Біріншіден академия саламыз дейді, бекер айтпайды, тыңғылықты дайындалатын шығар. Өйткені, академия салатын болса сол «Қайраттың» үлгісімен жасағаны жөн – онда міндетті түрде жатақханасы, қосымша алаңдары болуы керек. Егер солай әр клубқа келген кәсіпкер, тура «Қайраттікіндей» емес енді, жасөспірімдердің өсіп-жетілуіне ықпал етсе, керемет болатын еді. Тек негізгі командаға күш салмай, академия салса, стадиондар салса. Бұл шаруа уақытша, 1-2 жыл емес, ұзақ уақытқа жоспарланса дейміз», - деді А. Қожабергенов «Аладоп.кз» сайтына.
Айта кетейік, алдағы уақытта ҚПЛ-де бірқатар команда жекеменшік басқаруға өтеді. Олардың қатарында «Қайсар», «Жеңіс», «Қызыл-Жар», «Ақтөбе» және 1 лигадағы «Таразды» да осы қатарға жатқызуға болады.
Біздің серіктес: FONBET