Сауд Арабиясының Премьер лигасы аясында өткен "Әл-Наср" – "Неом" (3:1) ойынында Криштиану Роналдудың төрешімен дауласқан сәті камераға түсіп қалды.
Португалиялық жұлдыз бірінші тайм аяқталар сәтте төрешінің ысқырығына қатты ашуланған. Ол кезде есеп 0:0 болатын, ал "Әл-Наср" шабуыл үстінде еді.
Төреші таймды тоқтатқанда Роналду ашуын жасырмай, үзіліске кетер алдында оған былай деген:
"Жарайсың, жарайсың, солай жалғастыра бер! Өте жақсы ойын көрсетіп жатырсың!"
Бұл сөздер ирониямен, яғни ашуланған күйде айтылғаны бейнежазбадан анық естіледі.
"Әл-Наср” жеңісті жолын жалғастырып, сегізінші рет қатарынан жеңіске жетті. Голдарды Анджело Габриэл, Криштиану Роналду және Жоау Феликс соқты.
Екінші тайм басталғаннан кейін небәрі екі минут өткенде Анджело есеп ашты, ал 65-минутта Роналду пенальтиден айырманы еселеді — 2:0. Бұл Роналдудың мансабындағы 953-ші және 40 жасқа толғаннан бергі 30-шы голы.
Ойынның соңына қарай Ахмед Абдо Жабер бір гол соғып, интрига туғызды (2:1), бірақ көп ұзамай Феликс шешуші голын енгізіп, "Әл-Насрға” сенімді жеңіс әкелді — 3:1.
Португалиялық дуэт – Жоау Феликс пен Криштиану Роналду – Сауд Арабиясы Премьер лигасының биылғы маусымында "Фарис Найдтың” ("Әл-Насрдың” лақап атауы) 26 голының 19-на тікелей үлес қосқан.
Олардың ішінде Феликстің еншісінде – 10 гол, ал Роналдудың есебінде – 9 гол бар.
Саудиялық төреші Саид Мартинес матчтан кейін Роналдудың мінезі туралы айтып, ол өте талапшыл әрі жиі наразылық білдіретінін мәлімдеді:
"Криштиану Роналду өте бәсекеге қабілетті адам, сондықтан кейде өзін әділетсіздікке ұшырады деп сезінеді. Сол себепті жиі шағымданады. VAR арқылы оның екі голы есепке алынбады. Бір эпизодта ол өзін шабуыл кезінде шалынып қалды деп ойлады, бірақ ойын жалғасып, қарсылас гол соқты — сол сәт қатты ашуландырды.” – деді төреші.
Мартинестің айтуынша, Роналду бір сәтте ашуланып, оған:
"Сендер өздеріңді жұлдыз санайсыңдар, бірақ шын жұлдыздар бізбіз!” — деп айтып қалған.
8 турдан кейін "Әл-Наср” 24 ұпаймен көш бастап тұр. Екінші орында — "Әл-Таавун", олардан үш ұпайға ғана артта.
Біздің серіктес: FONBET