Жарнама
Жарнама

Конференция лигасы: «Ордабасы» Грузияның «Торпедосын» қалпақпен ұрып ала ма?

09.07.2025, 16:48

Ертең Еуропаның үшінші деңгейлі турнирінде «Ордабасы» клубы сырт алаңда Грузияның күміс жүлдегері «Торпедо» (Кутаиси) командасымен жасыл алаңда кездеседі. Осы орайда қарсылас жайлы біршама мәліметті назарыңызға ұсынамыз.

Жарнама
Жарнама

Қарсылас таныс па?

«Торпедо» (Кутаиси) Қазақстанның футбол клубтарына өте жақын таныс. Олар өз тарихында 3 мәрте отандық ұжымдарымызбен өзара мықтыны анықтап, барлығында жеңіліс тапқан.

2012 жыл. Еуропа лигасы. 1-раунд

«Ақтөбе» - «Торпедо» (Кутаиси) – 2:1 (1:0, 1:1)

2019 жыл. Еуропа лигасы. 1-раунд

«Ордабасы» - «Торпедо» (Кутаиси) – 3:0 (2:0, 1:0)

2023 жыл. Конференция лигасы. 2-раунд

«Ақтөбе» - «Торпедо» (Кутаиси) 5:3 (4:1, 1:2)

Әйтсе де грузиялықтар бұл сәтсіздік сериясының тоқтайтынына сенеді. Қарсыластың өткен тарихына көз жүгіртсек, кейінгі 2 жылда Конференция лигасының екінші кезеңіне дейін жеткен. 2023 жылы сенсациялық түрде «Сараевоны» (Босния және Герцеговина) пенальти сериясында жеңсе, 2024 жылы «Тиранадан» (Албания) басым түскен.

Командалардың деңгейі қандай?

Transfermarkt порталының мәліметіне сүйенсек, «Торпедоның» құны 6,93 млн еуроны құраса, «Ордабасы» одан сәл арзан (6,23 млн еуро).

Грузияның чемпионаты қазір жалғасып жатқанымен, маусым мен шілде айында кішігірім үзіліс бар. Команда жақын күндері ғана Грузия Суперкубогында бақ сынап, қола жүлдегер атанды. Бірақ клуб 4 матч қатарынан қарсылас қақпасына гол соға алмай келеді. «Ордабасының» да алдыңғы шепте жағдайы мәз емес. Шымкенттіктер 14 турда небәрі 14 гол ғана салған.

Трансферлік терезеде белсенді ме?

Қос команданың чемпионаттағы қазіргі жағдайы мәз емес. «Ордабасы» 7-орында келе жатса, «Торпедо» 5-орында тұр. Еурокубок жақындаған сайын ұжымдар трансферлік терезеде белсенділіктерін арттыруда. Грузиялықтар Хорватия біріншілігінен Комнен Андрич (ең қымбат шабуылшы, 850 мың еуро), Матеж Симич (қорғаушы, 450 мың еуро), жартылай тірек қорғаушы Владимер Мамучашвили (650 мың еуро) және т.б қымбат футболшылармен толықты.

«Ордабасы» да құр қалмады. Юрий Вакулко (ең қымбат жартылай қорғаушы, 850 мың еуро), Михай Кэпэцына (жартылай қорғаушы, 600 мың еуро) және Владислав Наумец, Абылайхан Жұмабек сынды жаңа ойыншылармен келісім-шарт жасасты.

Кім фаворит?

Букмекерлер Кутаиси қаласындағы алғашқы кездесуде «Торпедоға» басымдық беріп тұр. Неге? Өйткені «Ордабасы» биылғы маусымда түзде айтарлық жақсы өнер көрсетіп жүрген жоқ. Олар құрамы әлсіз «Атырау» мен Қазақстан кубогында «Хан-Тәңірінен» айласын асырған. Сондықтан шымкенттіктерге сырт алаңда тең нәтиженің өзі жақсы көрсеткіш саналмақ.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Материалда: