Жарнама
Жарнама

Конференция Лигасының үздік сұрмергені футбол спортымен 15 жасында қош айтысуға сәл қалды. Допты өзінде ұстай алмайтын бұл жігітті кезінде талай академия бетінен қаққан деседі

22.05.2023, 01:11
Жарнама
Жарнама

Сәтсіздікке толы бес қаралым, жұлдызды ауру мен «Палмейрастағы» 230 минут. Бразилия Кабралды шыңдауда қандай үлес қосты.

«Алты жасымда әкем үй төңірегіне тактикалық футбол жаттығуларын орнатқан болатын. Ол маған қақпаға соққыдан басқа машықтарды үйретуді мақсат етті», - деп еске алады Кабрал. Жалпы Артурдың аладоп бәсекесіндегі алғашқы қадамы футзалдан бастау алған. Содан кейін футболшы әкесінің баптауындағы қалалық командаға келіп қосылады.

Бразилиялық 15 жасқа келгенінде «Флуминенсе», «Интернасьонал», «Витория», «Палмейрас» және «Байя» клубтарында қаралымнан өтеді. Өкінішке орай Кабралға бәрі бір ауыздан жоқ дейді. «Кезінде мен жылдам пастармен ойнайтынмын, сонда бапкерлер маған: Эй, бала! қайда асықтың? Бізге келместен бұрын допты ұстауды үйреніп ал деп жылы шығарып салды. Кейінірек мен қателермен жұмыс жасап, қайта бағымды сынадым. Бірақ баяғы жартас сол жартас демекші, бапкерлердің сынағынан өте алмадым». 

С Сериясындағы «Сеара» командасы ғана Артурдың қабілетіне сене білді. Бастапқыда шабуылшы бұл ұжымның жастар командасында өнер көрсетіп, 18 матчта 16 гол соғады. Кейін «Сеара» В Сериясына көтеріледі. Осы кезде бірінші команда бапкері Марсело Чамуска бразилиялықты бастапқы құрамға ауыстырады. Ал Кабрал болса, өз кезегінде дебютты маусымын төрт голдық нәтижемен бастайды. 

Талантты шабуылшы келесі жылдың өзінде-ақ А Сериясының футболшысы деңгейіне жетіп алады. Нәтижесі: 7 гол, команда сенім артар көшбасшысы және «Артур патша» лақап аты. Біршама жылдардың шамасында қарапайым доп қуған баладан кәсіби жұлдызды футболшы шықты. 

2019 жыл Кабрал «Палмейрас» клубына қосылуға ниет білдіреді. Бұл жолғы таңдау еркі команданың бапкерлеріне емес, футболшының өз қалауына түсті. «Алдымда нағыз бәсекелестік күтіп тұр, бірақ мен барлығына дайынмын. А Сериясының басты жүлдесін жеңіп алуға бар күшімді саламын», - деді Кабрал бразилиялық клубтың баспасөзі алдында уәде беріп. Өкінішке орай Артур бұл уәдесінде тұрмады... 

Клубтың бастапқы құрамына енуге талпынбаған шабуылшы 5 ай бойы ойынды запастағы футболшылармен алаң жиегінде тамашалады. Кездесуге шығып, өзін көрсетуге мүмкіндік алғанның өзінде Кабрал бапкер Луис Фелипе Сколариден біраз сын естіді: «Артур өзінің межесін түсіріп тастаған. Ол мүлде жайбасар және икемсіз болып кетті. Оның басына қонған тәжді кеш болмай тұрған кезде алып тастау керек».

Жазға қарай Артур «Палмейрас» жейдесіндегі алтыншы ойынын өткізеді (барлығы 230 минут өнер көрсеткен). Қыркүйек айында бразилиялық ұжым команда сапына тағы екі шабуылшыны қосады. Ал Кабрал ешкімге керек емес болып қалды. «Мен қатты таңданыста отырмын. Олар маған өзімді көрсетуге уақыт бермеді».

Жазда Кабралға «Сеара» командасы қайтып келуіне бар жағдай жасайды. Алайда, шабуылшының көздегені Еуропаны бағындыру еді. Трансферлік ауысымның соңғы сәттерінде «Базель» командадан кеткен Альбиан Айетидің орнын алмастырушы футболшы ретінде Артурды көре білді. Шабуылшының деңгейін тек матч үзінділерін көру арқылы анықтаған швейцариялық клуб тәуекел шешім қабылдады. Бірақ, бұл тәуекел өз нәтижесін берді.

«Базельдің» жарық жұлдызы

«Базель - Еуропалық футболға жол ашатын мүмкіндік қақпасы. Мен бұл ұжымның тарихында өз атымды қалдырғым келеді. Суперлига мен Кубокті жеңу арқылы отанымда үлгі алар футболшы атансам, менде арман болмас еді», - деді Кабрал командадағы мақсатын айқындай.

Швейцарияда шабуылшы бірқатар кедергілермен бетпе-бет келді. Жат жер, менталитет, жалғыздық, ұялшақтық және бапкердің күн ара өзгеріп отыратын талаптары. Бірақ Кабрал өзіне күш тауып, барлық тосқауылдарды бұзып өтті.

«Базельдің» чемпионаттағы 26 ойынына қатысқан Артур 14+4 нәтижесімен ерекшеленді. Команда бапкері Марсель Коллер футболшыны былайша еске алады: «Ол біздің мәдениетке тез бейімделді. Кабрал кездесулерде жан-тәнін салып өнер көрсететін. Сәйкесінше командаластарынан да осындай жүйелі ойынды күтетін».

2021 жылы «Базель» еурокубоктік додаларсыз қалды. Команда басшылығы бұрынғы бапкерді қызметінен босатты. Ұжымды жаттықтыруға келген жаңа маман Патрик Рахмен команданың сәтсіздігі Кабралдың қазіргі деңгейіндегі тежеулік деп айтып өтті. «Артурдың жағдайы ауыр. Маған оның матчтарға даярлығы ұнамады. Мен бұндай футболшымен жұмыс жасағым келмейді».

Бапкер жаз бойы футболшымен жеке әңгімелесіп, айтар ақылын жеткізді. Индивидуалды жүздесу Кабралдың өзгеруіне сеп болды. «Палмейрастағы» оқиғанын қайталанғанын қаламаған шабуылшы спортзалдардың табалдырығын тоздырды. «Ол жинақы бола бастады. Одан тағысы Кабрал өз рационына тек пайдалы тағамдарды қосты. Артур «Базельдегі» алғашқы маусым алдындағы даярлықты мінсіз жағдайда қорытындылай білді», - деді Рахмен бразилиялықты мақтай.

Сын айтылмай мін түзелмес демекші, Артур тура жолға түсті. Шабуылшы «Базель» үшін өткізген жарты маусымдағы 31 ойында 27+8 нәтижесімен топ клубтардың назарына ілікті. Қызығушылық білдірген командалар көп болды, бірақ арасындағы «Фиорентинаның» ғана назары келісімшартпен нақтыланды. Италия біріншілігінде өнер көрсететін ұжым шабуылшы үшін 15,5 млн еуро төледі.

Кабрал «күлгінділер» сапының намысын қорғап жатқанына екі маусымның төңірегі болды. Аз ғана уақытқа қарамастан шабуылшы Габриэль Батистутадан кейінгі «Фиорентина» үшін еурокубоктік доданың жартылай финалында гол соққан тарихтағы екінші футболшы атанды. Онымен қоса Артур КЛ үздік сұрмергені (7гол).

Кабралдың ерекшелігі неде?

Футболшының «Базельде» топ жаруына Рахмен кеңестері сеп болды. Бапкер Артурдың потенциалын аша білді десек қателеспегеніз. Маман бразилиялықтың айып алаңдағы қызметін біраз шектеп тастады. Соның арқасында Кабрал салқынқанды болып қалыптасты. Оның әр маусымдағы xG көрсеткіші өсті (гол салу ықтималдылығы).

Шабуылының артық салмағы мен бойы (186 бойы, 86 кг) оның епті болуына кедергі келтірмеген. Кабрал айып алаңға тез ене алады. Керек болса, басқа позициялардағы ойыншыларға өз көмегін аямайды. Артурдың «Фиорентина» тактикасындағы қызметінін ерекшелігі қарсылас қорғаушыларының назарын басқаға аударту. Сол арқылы әріптестеріне қақпаға соққы жасауына жағдай жасау. Ол шабуыл кезінде ортадан қапталға ойысып кетеді. «Күлгінділердің» 4-3-3 және 4-3-2-1 ойын схемасы бразилиялықтың алаңдағы еңбекқорлығының арқасында мәнін жоғалтпады.

Артур КЛ үздік өнер көрсеткенімен А Серияда аяғын ақсатып басуда. Кабралға алаңнын барлық жағында доп тебу оңайға соқпағаны «Фиорентинаның» ішкі біріншіліктегі ойындарынан көруге болады. Кейде футболшы плеймейкердің қызметін мойнына алады. Ортаңғы аумаққа ойысқан Артур орташа есеппен ойын қорытындысы бойынша 19,5 допқа жанасу мен 3,3 допқа талас жүргізеді (43% нәтижелік).

Ал Конференция Лигасындағы Кабралдың ойын өрнегі мүлде басқа. Бразилиялық тек айып алаңда мүмкіндік күтеді - 14,3 допқа жанасу мен 2,1 допқа таласу (36% нәтижелік). Нағыз тоғыздықтың рөлін атқару денелі Кабралдың көрсеткішін едәуір ұлғайтады. Шабуылшының А Сериясындағы орташа баллдық бағалануы 6,85 болса, КЛ бағалануы - 7,06 тең.






Жарнама
Жарнама

Новости партнеров