АҚШ-та футболдан Солтүстік және орталық Америка мен Кариб аралдары құрамаларының чемпионаты саналатын КОНКАКАФ КУБОГЫ өтуде.
Бұл сында финалға шыққан қос команда белгілі болды. Топтық турнирде жолдары түйіскен Панама мен АҚШ футболшылары, жартылай финалда қайта кездесті. Алғашқы кездесуде Панама жеңіске жеткен еді. Хьюстонда ақтық сынға берілер жолдама тағдырын шешкен қарсыластар, бұл жолы да тартысты ойын көрсетті. Алаң иелері іріктеу кезеңінде кеткен есені қайтаруды ойлап, бірден шабуылға көшті. Клинт Демпси бастаған алғы шеп, Панама қорғанысын біраз әбігерге салды. Қонақтардың қақпашысы Джейм Пенедо бірінші таймда көбірек алаңдауға мәжбүр болды. Үзілістен кейін АҚШ қақпасын қорғаған Тим Ховард ойынға араласты. Панама футболшысы Армандо Купер қарымта шабуылдардың бірінде қауіпті соққысымен көзге түсіп еді, Эвертондық қақпашы дер кезінде допты кері қайтарып, командасын голдан сақтап қалды. 77-ші минутта Америкалық ойыншылар нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, жеңіс добын соқты. Фредди Аду оң қапталдағы Лэндон Донованды іске қосып, соңғысы Клинт Демпсиді паспен жарылқады. Шабуылшы мүмкіндікті мүлт жібермей, допты қақпаға бұра салды. Есеп:1:0. АҚШ құрамасы финалда Гондурасты 2:0 есебімен ұтқан Мексикамен кездеседі. Финал 25 маусымда өтеді.