«Коринтианс» командасының спорттық директоры Монтейру Алвеш өткен жылы трансферде Неймар мен Эдинсон Каванимен келіссөздер жүргізгені жайында айта кетті. Қазір екі шабуылшы да Францияның «ПСЖ» командасының намысын қорғайды. Дегенмен екі ойыншы да қазір Еуропадан қоныс аударуды жоспарламайтын көрінеді.
-«Мен Неймар мен Кавани клуб ауыстыруы мүмкін деген сәттен бастап байланыс орната бастадым. Өйткені, біз «Коринтианс» үшін мықты футболшылар іздейміз. Оның үстіне Кавани сұхбаттарының бірінде Оңтүстік Америкада ойнағысы келетінін айтқан еді. Сондықтан трансфер жүзеге асуы ықтимал деген ой болды.
Ал өткен жылы Неймардың Франция біріншілігінде жолы болған жоқ. ПСЖ жалға беруге дайын деген соң басшылықпен байланыса бастадық. Дегенмен жалға алу үшін сұраған қаржыны естігенде райымыздан бірден қайтты. Бізге бұл тиімсіз ұсыныс болды. Ары қарай келіссөзді жалғастырған жоқпыз. Мен осы екі футболшыны мысалға келтіру арқылы Бразилияда барлық клубтың қаржылық жағдайы жоғары емес екенін жеткізгім келеді. Біздің елімізде «Фламенго» ғана Габриэль Барбоса сынды топ ойыншыларды сатып ала алады»,-деді.
Шамкен БАЙЫРБЕК.
Біздің серіктес: FONBET