Жарнама
Жарнама

Көш соңында жүрген «Мақтааралдың» не ойлағаны бар?

Атакенттік клуб жазғы транчфер терезесінде керек емес ойыншылардан құтылып, олардың орнына жаңа футболшылар алды.
Жарнама
Жарнама

28 маусымда ашылған жазғы трансферлік терезенің аяқталуына небәрі екі күн қалды. Трансфер нарығында белсенді жұмыс жасаған клубтардың ішінен «Мақтааралды» ерекшелеп айтуға болады.

Атакенттік клуб ең алдымен спортық директор қызметіне Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Талғат Байсуфиновті тағайындады. Ол кісі жалғыз келмей, жанындағы көмекшілерін алып келді. Бұл ретте бас бапкер Андрей Ферапонтов, сондай-ақ оның көмекшілері Руслан Есатов пен Виталий Кувшинов өз орындарын сақтап қалды.

Талғат Маруаұлы жалғыз келмегендіктен, клубта белгілі бір түсініспеушіліктер бола бастады. Қазір қақпашыларды тек Кувшинов емес, Николай Родионов жаттықтыруда. Ал физикалық дайындыққа Руслан Эастовтан бөлек, Марат Еслямов пен Игорь Свечников араласуда. Осының әсерінен, ойыншылар кімді тыңдарын білмей жүр.

Байсуфинов «Мақтааралға» бекерден-бекер келген жоқ. Атакенттік клуб Премьер-лиганың турнирлік кестесінде ең соңғы орында тұр. Сондықтан команданың бас бапкері Андрей Ферапонтов кез-келген уақытта қызметінен кетуі мүмкін. Ал клуб басшылығы оның орнына еш ойланбай Талғат Маруаұлы мен оның көмекшілерін тағайындайды. Ферапонтовқа Қазақстан кубогінің алғашқы турында «Ақтөбемен» болған ойында соңғы мүмкіндік берілген еді. Жас бапкер сенімді ақтап, өз орнында қала берді. Екінші турда «Тараздан» жеңілгенімен, бүгін «Тобылды» сырт алаңда 4:1 есебімен ұтты. Сондықтан әзірше Ферапонтовты қызметінен кетіретін нақты себеп жоқ.

Ал енді «Мақтааралдың» жасаған трансферлеріне назар аударайық. Клуб басшылығы ең алдымен керек емес ойыншылардан құтылуды жөн көрді. Олардың қатарында Алмат Бекбаев, Владимир Седельников, Ілияс Әмірсейітов, Рифат Нұрмұғамет, Әліби Тұзақбаев, Ерболат Рүстемов, Шериддин Бобоев бар. Рүстемов, Әмірсейітов және Тұзақбаев талдықорғандық «Жетісуға» қосылды. Ал Рифат әзербайжандық «Сумгайыт» клубымен келісім-шарт жасасты.

25 жастағы беларусь жартылай қорғаушысы Алексей Носко «Мақтааралдың» осы жаздағы алғашқы трансфері ретінде тіркелді. БАТЭ ойыншыны атакенттік клубқа 2022 жылдың соңына дейін жалға берді. Алексей Носко - «Неманның» түлегі. Бұған дейін ол Беларусьтен тыс жерде өнер көрсетпеген. Өз елінде «Сморгон», «Звезда-БГУ», «Энергетик-БГУ», «Динамо Брест», «Торпедо-Жодино» және БАТЭ командаларында доп тепті. Өткен маусымда ол БАТЭ-нің қосалқы құрамдағы ойыншысы болып, 12 матч өткізді.

Атакенттік клуб 28 жастағы ивуарлық жартылай қорғаушы Секу Думбиямен де келісім-шартқа отырды. Бұл ойыншы Қазақстанға осы жылы қоныс аударған болатын. Нақтырақ айтсақ, «Ордабасыға» ауысып, шымкенттік команда жейдесінде 8 матч өткізіп, бір нәтижелі пас берді. Секу Думбия кәсіби мансабын молдовалық «Сапсан» командасында бастаған. Сондай-ақ «Заря», беларусьтік «Слуцк», ресейлік «Армавир», «Тамбов» және израильдік «Хапоэль Хадера» сияқты клубтарда өнер көрсетті.

Қырғызстан құрамасының 26 ​​жастағы жартылай қорғаушысы Одилжон Абдурахманов та мансабын «Мақтааралда» жалғастыру туралы шешім қабылдады. Абдурахманов футболдағы мансабын 2014 жылы қырғызстандық «Алдиер» командасында бастады. Сонымен қатар өз елінде «Алай» клубының намысын қорғады. Өткен маусымда Одилжон өзбекстандық «Бунёдкор» сапында доп тепті. Ташкенттік команда үшін 36 кездесу өткізіп, 1 гол мен 1 нәтижелі пасты өз еншісіне жазды.

Ал бүгін атакенттік клуб 34 жастағы қақпашы Рамиль Нұрмұхаметов және 20 жастағы ивуарлық жартылай қорғаушы Яо Леонард Джахамен келісім-шарт жасасқанын хабарлады.

Рамиль Нұрмұхаметов бұған дейін «Лашын», «Тараз», «Горняк», «Каспий», «Қайрат», «Қайсар», «Ордабасы», «Ақтөбе», «Атырау», «Оқжетпес», «Тараз-Қаратау» және «Қыран» командаларында өнер көрсетті. Жалпы, қақпашы Қазақстан Премьер-лигасында 122 матч өткізіп, 165 гол жіберіп алған. Соңғы рет Премьер-лигада екі жыл бұрын өнер көрсеткен.

Ал Яо Леонард Джаха өткен маусымда беларусьтік «Сморгон» клубында өнер көрсетті. Бірақ бұл командада небәрі 2 ойын өткізген.

Сондай-ақ бүгін «Астана» қорғаушысы Сағи Советтің де «Мақтааралға» ауысатыны белгілі болды. Жас футболшы командаға Тимур Досмағамбетов келгендіктен, негізгі құрамға ілігу қиын болатынын сезгендей. Сондықтан осы маусымның соңына дейін Премьер-лиганың дебютант командасында жалдау шарты бойынша өнер көрсетпек. «Мақтааралда» «Астананың» тағы бір ойыншысы Рамазан Кәрімов бар. Ол да жыл соңында Сағимен бірге елордалық клубқа қайта оралуы тиіс.

Міне, бапкерлік құрамында ең көп маманы бар «Мақтаарал» осындай өзгерістер жасады. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген мақал бар. Команданы бір адамның баптағаны дұрыс секілді. Егер барлығы «бір жағадан бас, бір жеңінен қол» шығарып жатса, оны да қате дей алмаймыз. Атакенттік клубтың әзірше Қазақстан кубогіндегі жағдайы жаман емес. Бірақ олардың маусымға арналған басты мақсаты - Премьер-лигада қалу. Кубоктік ойындарды пайдаланып, команданың ойынын реттесе, бұл мақсатқа де жетуге болатынын Ферапонтов мырза жақсы түсініп отыр.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров