Жарнама
Жарнама

КӨШБАСШЫ ШАБУЫЛДАЙ ДА, ҚОРҒАНА ДА БІЛУІ КЕРЕК

04.10.2011, 20:52
Жарнама
Жарнама
Асқар ҚОЖАБЕРГЕНОВ:

Алматының «Қайраты» – КСРО футбол тарихында өшпес із қалдырған Қазақстандағы бірден-бір команда. Кезінде сол командада Темір Сегізбаев, Сейілда Байшақов, Құралбек Ордабаев секілді аяқ доп шеберлері өнер көрсетті. Бүгін сол «Қайратта» ойнау бақытына ие болған кейінгі ұрпақ өкілі, Премьер-лигада топ бастап жүрген «Жетісу» футбол клубының директоры А.Қожабергеновпен болған сұқбаттың қысқа нұсқасын ұсынып отырмыз. - Осыншама қысқа уақыттың ішінде сайдың тасындай жігіттерден құралған мықты команда жасақтап шығудың сыры неде? «Талдықорған ғажайыбы» қайдан пайда болды? - Футболда ғажайып деген болмайды. Команданың табысы термен ғана келеді. Маусым аралығында аяқты созып тастап, қарап жатпадық. «Ауыл-ауылды аралап» дегендей, жер-жерден жақсы ойыншыларды іздестірдік, команданың қатарын бүгінгі күннің талабына жауап бере алатын шебер футболшылармен толықтырдық. Бар құпия осында. Бірнеше ойыншымыз әр түрлі құрамаларға шақырылды. Серікжан Мұжықов, Сергей Остапенко және Владимир Логиновский Қазақстанның ұлттық құрама командасы, Алексей Щеткин, Саят Сариев және Дәурен Сүйінов еліміздің жастар құрамасы, Ұлықбек Бақаев және Арунас Климавичус тиісінше Өзбекстан және Литва құрама командаларының сапында өнер көрсетуде. - «Сұңқардан» неге кеттіңіз? - Біріншіден, «Жетісу» – жоғары топтың командасы, екіншіден, Талдықорған – менің туған қалам. «Шақырғаннан қалма...» дейді қазақ. Шақырды – келдім. - «Қазақстан құрамасының тізгінін қолға ал» десе, келісер ме едіңіз? - Кез келген бапкер алдына үлкен міндет қоюға тиіс. Сондықтан ұлттық құраманың басында болу – бапкер біткеннің арманы. - Өз бапкерлеріміз арасында кімдерді ерекше бөліп атар едіңіз? - Бізде жақсы бапкерлер көп. Қазақстан тәуелсіздік алғалы көпшілігі биік табыстарға қол жеткізді. Олар – Д.Огай, В.Талғаев, В.Масудов, С.Гороховодацкий және В.Фомичев. - Қазақстан футболында алға басушылық байқалады деп ойлайсыз ба? - Солайы солай. Еурокубоктың алғашқы сатыларынан біздің кейбір командалардың еркін өтуі – соның айғағы. - Қазақстан құрамасының соңғы ойындары туралы не айтасыз? - Бармақтай бақ болғанда, біздің құрама Стамбулда да, Бакуде де жеңуге шақ тұрды. Түркиямен ойынның соңғы минутында Гридин гол соққанда, бәрі де басқаша болар еді. Ал екі ойынның да аса шиеліністі өткенін өздеріңіз көрдіңіздер. - Сіздің команда Ақтөбедегі ойынды абайлап, қорғаныстан бастады. Біріншілік көшбасшысы қорғаныста емес, шабуылда жүруі тиіс емес пе еді?.. - Меніңше, көшбасшы шабуылдай да, қорғана да білуі керек. «Ақтөбе» – ел чемпионатындағы ең атақты команда, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, қатарында жан-жақтан жиналған шебер ойыншылары бар. Егер ондай әккі командаға қарсы ойында қорғаныстан бастап, қарсы шабуылдармен шығып отырсақ, еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. - «Астанамен» ойында стадионда гол соққанға облыс әкімі 1000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы береді деген хабарлама жаңғырып тұрды. Бұл дұрыс деп ойлайсыз ба? Сіздің кезіңізде мұндай болушы ма еді? - Мен бұдан ешқандай қылмыс көріп тұрған жоқпын. Бұл – облыс әкімдігі біздің клубқа ерекше мән береді деген сөз. Ал бізге келсек, Кеңес Одағы ондайға рұқсат бермейтін. - Сіздің алғашқы жаттықтырушыңыз кім? - «Қайратта» жетпісінші жылдары Александр Жуйков деген ұлы қорғаушы ойнаған. Сол кісі менің алғашқы ұстазым. - «Қайраттың» бүгінгі хал-жайы сізді толғандыра ма? - Неге толғандырмасын! Кезінде ел футболының бастауында тұрған бұл команда қазір қайта қалыптасу кезеңдерін бастан кешуде. Оның әрбір аяқ алысы мені бей-жай қалдырмайды. Өйткені менің футболшы болып қалыптасуым осы командамен тікелей байланысты.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров