Ерсұлтан Қалдыбек – 23 жас, жартылай қорғаушы, «Қайсар» ФК
2020-жылдан бастап «Тараздың» жастар командасының жейдесінде үлкен футболда алғашқы қадамдарын жасап, аз уақытта премьер-лигаға дейін жете алған талантты жартылай қорғаушы. Туған клубындағы жемісті ойынының арқасында «Атырауға» ауысты. Онда да ойыны жаман болмады - «мұнайшылармен» Қазақстан Кубогінің финалына дейін жетті. «Тараздың» түлегі 2023 жылдың жазынан «Атырау» сапындағы негізгі фтболшы ретінде екі маусым доп тепті. Биыл «Қайсар» жейдесін киген. «Дала қасқырларының» сапында ҚПЛ-де 21 матчта өнер көрсетіп, 1 голдың авторы атанды. Жалпы, Ерсұлтанды ерекшелейтін қасиеті – жаңа командаға тез әрі жеңіл бейімделіп кете алатындығы. Онысын «Атырау», кейін «Қайсар» сапында да байқадық. Виктор Кумыковтың командасына тез бой үйретті. Келген бетте негізгі құрамның ойыншысына айналды. 23 жастағы жартылай қорғаушы өзіне тән сенімді, ақылды ойынымен қызылордалық жанкүйерлердің де көңілінен шығуда.
Әділбек Жақанов, спорт журналисі, Қызылорда қаласы;
«Ерсұлтан Тараз футбол мектебінің түлегі. «Қайсар» қатарына жаңадан қосылып, негізгі құрамнан ойып тұрып орын алған футболшының бірі. Бір сөзбен айтқанда, Думан Нәрзілдаевтың орнын басып, жоқтығын білдірмеген ойыншы».
Жартылай қорғаушы биылғы премьер-лиганың жаңалықтарының бірі деуге болады. Ерсұлтан талас-тартысқа толы жартылай қорғаныс шебінде қимылдайды, бірақ соған қарамастан небары 1 ғана сары қағазбен жазаланған болатын. Осы жайттың өзі ақылға жеңдірген футболшы екенін аңғартады. Жартылай қорғаушыға керектінің бәрі үйлескен - алаңды жақсы көре біледі, шабуылды бастайтын әдемі пасы бар. «Тараз» түлегі қарсылас шабуылын тойтаруда да өте пайдалы екенін айта кету керек. Екі аяқпен де бірдей ойнай беретінін де қоса кетейік. «Қайсар» биыл талай матчта Ерсұлтанның қатысуымен іске асқан прессингтің жемісін көрді. Қызылордалық футболшы ұлттық құрама бапкерлерінің назарына әлі де ілікпей жүрген көрінеді. Қызық... «Қайсардың» 6-нөмірлі көшбасшысын тым болмаса кеңейтілген құрамға алуға болатын еді. Бірақ, Ерсұлтан құрама тізгінін ұстаған Талғат Байсуфиновтің де, оған дейінгі жаттықтырушылардың да назарынан тыс қалып отырған жайы бар.
Ұлттық құраманың соңғы матчтарында Асхат Тағыбергеннің жоқтығы қатты байқалуда. Соңғы нәтижелер «Қайсар», «Ордабасы» мен «Тобылдың» көшбасшысы ойнаған жартылай қорғанысты күшейту керектігін көрсетті. Бұл шептегі лайықты кандидаттың бірі осы Ерсұлтан Қалдыбек. 2022-жылы Қазақстан жастар құрамасында дебют жасап, 12 матчта бір гол соққан. Жартылай қорғаушы негізгі құрамаға да пайдалы болар ма еді? Құраманың соңғы кездесулерінде орталық алаңда жасы келіп қалған Исламбек Қуат өнер көрсеткенін білесіздер. «Жеңіс» өкілінің ұлттық командада көп ұзамай мансабын аяқтайтыны түсінікті. Оны алмастыратын футболшыны осы бастан қарай берген жөн. Ал осы позицияда Ерсұлтанды да тексеріп көрсе артық болмас деп ойлаймыз. Мәселен, ӘЧ іріктеуінен кейін, Қазақстан Ұлттар Лигасында бақ сынамақ. Бұл турнирде ұлттық командалар біраз тәжірибе жасап, жаңа футболшыларды тексеріп көреді. Талғат Маруалы немесе құрамаға келетін басқа бапкер «Қайсардың» 6-нөмірлі жартылай қорғаушысына назар аударса дейміз.
Сағи Совет – 25 жас, қорғаушы, «Жеңіс» ФК
Биылғы Қазақстан чемпионатының тағы бір позитивті жаңалығы – Сағи Совет. Елордалық «Жеңістің» қорғаушысы соңғы кезде тамаша ойын өрнегін көрсетуде. 25 жастағы футболшы негізінен қорғаныстың сол қапталына жауапты. Бірақ, оның ойынын жібермей көретін көзі қарақты жанкүйер кез-келген позицияда ойнай бере алатын әмбебаптығына куә. Маусым барысында, әсіресе бастапқыда елордалық клуб біраз тұрақсыздығымен есте қалған.Осының кесірінен «Жеңісте» қатарынан бірнеше бапкер ауысып, түбегейлі өзгерістер болды (алдымен Акис Вавалис, сосын Пиралы Әлиев, кейін Андрей Демченко келген). Әйтсе де, Сағи Совет сенімді ойынымен,әрдайым негізгі құрамнан бой көрсетіп жүр. Тұрақтылық – шеберлік белгісі!
«Жеңістің» жеңісінде Сағи Советтің үлесі қомақты. Дәлел – ҚПЛ-де 22 матчта, 4 ассист. Қорғаушы үшін 4 голдық пас деген әрине өте жақсы нәтиже деуге болады (әрине ҚПЛ өлшемімен айтқанда). Сағи «Астана» футбол клубының түлегі, бірақ, мансабының ең жарқын сәттерін Астананың екінші клубында өткізуде. «Астанада» футболшыға көп мүмкіндік берілген жоқ, ал «Жеңіс» бапкерлері сенім артқан. Сағи соны еселеп қайтарып, команданың нағыз көшбасшысына айналды. Бір сөзбен айтқанда, 4-нөмірлі қорғаушыға да ерекше назар аударуға болады. Қазақстан ұлттық құрама командасының бапкерлері де сенім артса, ары қарай алып кетуі тиіс. Себебі, Сағи Совет әлі де қоса алатын, деңгей тұрғысында өсуі ықтимал футболшының бірі.
Біздің серіктес: FONBET