Сонымен, премьер-лиганың 19-турынан кейін біраз мәселенің шеті шығып қалды.
Чемпиондыққа талас туралы әңгімеден бастасақ – 19-турдан кейін-ақ «Ақтөбенің» бұл бәсекелестіктен шығып қалғаны айқын болып отыр. Кеше «ақ-қызылдар» өз алаңында «Жеңістен» жеңіліп, масқара болды 0:2. Конференциялар лигасындағы сәтсіздіктен кейін мүлде басқа нәтиже күтілген... Вячеслав Левчуктің өзі де Прагадағы баспасөз-жиынында ендігі күштің барлығын ҚПЛ-ге жұмсаймыз дегендей еді. Бірақ, алаң иелерінің жұмсайтындай күші қалмады ма, жоқ басқа бірдеңенің әсері ме болды ма елордалықтардан жаман ұтылды. Қорыта айтқанда биыл да «Ақтөбеге» сол әдеттегідей жүлдегерлер қатарынан орын бұйыратын секілді.
Бұл жердегі негізгі талас «Астана» мен «Қайрат» арасында болады. Бұған тағы үшінші команда - «Тобылды» қосуға болатын шығар? Алғашқы екеуінің қос майданға айырылып, чемпионат мен Еурокубокте қатар ойнауы қостанайлықтарға қол болуы ықтимал. Бірақ, бәрібір біздіңше бас жүлдеге негізгі үміткерлер, алматылық клуб пен Григорий Бабаянның командасы. Тұрақты сарапшымыз Алмас Құлшынбаев турнирлік кестенің жоғары жағындағы таластан, төмендегі клубтардың сайысы әлдеқайда қызық деген пікір айтып еді. Расында солай болып тұр. Мұндағы басты интрига – «Атырау» жоғары дивизионда қалып қоя ала ма деген сұрақ. Мойындау керек, «мұнайшылар» бұл үшін қолдан келгеннің барлығын істеп-ақ жатыр. Кеше сұрапыл камбэк көрсетті. Қонақтар Шымкентте 0:2-ден қалайша аман құтылып кетті? Жалпы, «Атырау» соңғы бес кездесуде 5 ұпай еншілеп, ақырындап болсын жоғары көтеріліп келеді. Алған бетінен таймаса, енді 2-3 турда «Тұран» мен «Ұлытауға» жетуге мүмкіндік бар. Бұл бір мүмкін емес миссиядай көрінбейді, әсіресе, «Тұран» мен «Ұлытаудың» соңғы нәтижелеріне қарасаң.
Маусымды сәтті бастаған «Қызыл-Жардың» да жағдайы мәз емес. Клуб басшылығының айналасындағы дау-дамай мен қарыздары өзінің теріс әсерін тигізгендей. Петропавлда тіпті жағдай үшығып тұрғанға ұқсайды, футболшылар «жаттығуға шықпаймыз» деп ереуілдетіп жүр деген де ақпарат бар. БАҚ-қа шығып кеткен Дарко Зоричтің «оқиғасына» сенсек, жағдай бұдан әлдеқайда сорақы болуы да мүмкін деген ой келеді. ҚПЛ-дің топ-клубтарына бұйырмай «Қызыл-Жардан» бірақ шыққан Милич Чурчичке қолайлы мүмкіндіктің болмағаны өкінішті-ақ... Әйтпесе, Қазақстан чемпионатында жемісті жұмысымен есте қалған сербиялық маман ортаңқол клубпен біраз таласқа түсер ме еді?! Ортаңқол клубпен біраз талас дегенде «Оқжетпес» туралы да айтпай өтуге болмайды. Көкшетаулық клубтың көші Қайрат Нұрдәулетов тізгіндегеннен кейін де құлаған жоқ. Кім не ойласа да, «Оқжетпес» өзінің мүмкіндіктерімен салыстырғанда, тәп-тәуір ойынымен, жақсы нәтижесімен ерекшеленіп отыр. Өткен демалыста «Елімайды» ұтып тұрып, тең түспегенде, қазір тіптен алғашқы 5-ің қатарынан көрінетін бе еді? Білікті бапкерлік құрам мен Серікжан Мұжықов, Тимур Досмағанбетовтей тәжірибелі футболшылардың тандемі өз жемісін бермей қоймайды деп топшылаймыз.
Біздің серіктес: FONBET