Астаналық «Жеңіс» клубының бұрынғы бас бапкері Владимир Слишкович Қазақстан Премьер лигасындағы командалар санын 18-ге дейін көбейту бастамасына қарсы пікір білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Босниялық маманның пікірінше, Қазақстан чемпионатының деңгейін көтеру үшін қатысушылар санын арттыру емес, керісінше, қысқарту қажет.
«Менің ойымша, бұл – дұрыс шешім емес. Қазақстанның аумағы үлкен болғанымен, халқы небәрі 20 миллион адам. Елдегі футболшылардың әлеуетін ескерсек, чемпионаттағы командалар санын 12-ге дейін қысқартқанда ғана оның жалпы деңгейі көтеріледі. Ал 18 клуб қатысатын болса, жоғары лиганың талаптарына сай келмейтін футболшылар пайда болады», – деді Слишкович Meta-ratings.kz басылымына берген сұхбатында.
Осылайша, тәжірибелі бапкер Қазақстан футболындағы басты мәселе клубтардың санында емес, жоғары деңгейде өнер көрсетуге қабілетті ойыншылардың жеткіліктілігінде деп есептейді.
Оның пікірінше, Премьер лигада командалар саны азайса, бәсекеге қабілетті футболшылар шектеулі клубтарда шоғырланып, чемпионаттың жалпы сапасы артуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан Премьер лигасындағы қатысушылар санын қазіргі 16-дан 18-ге дейін көбейту мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабарлаған болатын.
Алайда чемпионатты кеңейту туралы ресми шешім әзірге жарияланған жоқ.
Еске салайық, Владимир Слишкович 2026 жылдың тамыз-қазан айлары аралығында Aстаналық «Жеңіс» клубын басқарды.
43 жастағы маманның жетекшілігімен елордалық команда Қазақстан чемпионатында тоғыз кездесу өткізіп, төрт рет жеңіске жетті және бес матчта жеңіліс тапты.
Маусым қорытындысы бойынша «Жеңіс» Қазақстан Премьер лигасында сегізінші орынға тұрақтады.
Бұған дейін Владимир Слишкович Mәскеулік «Спартак» клубында да бас бапкер қызметін атқарған.
Біздің серіктес: FONBET