Криштиану туралы сіз бұрын-соңды естімеген ақпараттар жарыққа шықты

30.12.2019, 23:33

Көп таныстыруды қажет етпейтін, аты әлемге әйгілі Криштиану Роналду ақпан айында 35 жасқа толады. Дәл осы жаста әлем футболының жұлдыздары Рауль Катарда ойын көрсетті, Иньеста жапондық клубтың ойыншысы атанды, ал Роналдиньо барлық уақытын Бразилияның жағажайына арнады (Отызында орда бұзып, қырқында қырдан асып жүрген тек Златан болар сірә). Криштиану өз жанкүйерлерінің алдында 41 жасқа дейін доп тебемін деп уәде етті. Отыздан асып барамын деген сөзді ойынада алар емес.

Әрбір жасаған жаттығу сені мықты ете түседі. Сірә бұл сөздер португалдық ойыншыға арналса керек. Осыған дейін Криштианудың өзін күтуге келгенде темірдей тәртіп сақтайтыны туралы естіп келеміз:режимді диета, командалық жаттығулардан бөлек үйіндегі күні-түні тынымсыз жаттығулар. Осындай тынымсыз еңбектің арқасында футбол тарихында ойып тұрып орын алып үлгерді.

Криштианудың "Спортингте" өткізген күндерінің өзінде болашақта тегін ойыншы болмайтыны білінді. Криштиану "Спортинг" жасөспірімдер қатарына 12 жасында келіп қосылды. Клуб академиясына қабылдау барысында тіпті өз жасынан үлкен балаларды да өз ойынымен қапы қалдырды.

Дәл сол уақытта жасөспірімдер бапкері болған - Луиш Мартинш бала Роналду туралы берілген сұхбатында былай дейді: "Криштиануға берілген тапсырма мен жаттығулар оны қанағаттандырмайтын. Командалық жаттығудан кейін күн ұясына батқанша жаттығу базасында қалып, әрмен қарай жаттығуын жалғастыра беретін. Берілген уақытты артығымен пайдаланғаны үшін база күзетшісі мен клуб басшылығынан ескерту алып, тіпті айыппұл төлеген кездеріде болды. Бірақ одан қаймығатын Роналдуды көрмедім. Менің қолданған қатаң жазам - оны ойынға негізгі құрамға қоспай, қосалқы құрамда қалдыру болды. Криштиануды тек осылай ғана сабасына келтіруге болатын."

Криштиану әлем футболына қадам басып, "МЮ" сапына келгенде дене жаттығуларына өте қатты көңіл бөле бастады. Жаттығу залы жас шабуылшының екінші үйіне айналды. Жаттығуда көмектескен жаттықтырушы Майкл Клег еді. Өзге әріптестері секілді емес, матчқа дейін күнделікті жаттығуды жасаса, матч біткеннен кейін біріңғай тек аяққа арналған жаттығу жұмыстарын жүргізді.

Қызыл сойқандар сапында өнер көрсетіп жүргенде әріптесі - Карлос Тевес Роналду жайлы есте қаларлық оқиғаның бірін былай деп жеткізеді:"Күнделікті командалық жаттығулардың басталу уақыты сағат 9:00 еді. Егер жаттығуға 8:00-де ерте келіп жатсаң ол жерден Роналдуды көруге болатын. Тіпті оданда ерте 7:30-да жаттығуды бастамақ болсаң Роналду сол уақыттада жасыл алаңда доппен жұмыс жасап жүретін. Күндердің күнінде мен одан бірінші келу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасап жаттығуды 6:30-да бастауды жоспарлап келдім. Бірақ Роналду тағыда сол жерден табылды."

Осылайша жас португалдық өзін дамыту үшін тек жаттығумен шектелмеді. Өзіне қосымша диетолог дәрігер мен жеке аспазшы жалдап, өз режимін сақтады. Криштианудың 2018 жылғы өткен дәрігерлік тексерістегі нәтижесі дүйім жұртты таң қалдырды. Португалдық шабуылшының дене бітіміндегі майдың құрамы небары 7%-ды құраған. (Орташа есеппен мінсіз деген есептің мөлшері 9-10% болып табылады) Ал дене салмағының 50%-ы таза бұлшық етті құрады. (Өзге ойыншылардың жоғарғы деген көрсеткіштерінің өзі тек 46%-ға дейін жетер-жетпес болып табылады.)

Португалдық ойыншының жойқын соққысы - оның алаңдағы басты қаруларының бірі. Өз мансабында 46 голмен алыстан бағыттаған жойққын соққысының арқасында қарсылас қақпасының саңлауын тапқан. Бұл жойқын соққылар оған табиғаттан келген дарыннан емес, еңбегінің өнген нәтижесі.

Қызыл сойқандар сапында өнер көрсетіп жүргенде соққы бағыттау техникасын жетік меңгеру үшін Криштиану күн сайын командалық жаттығудан кейін де жасыл алаңда қалып, жаттығуды әрмен қарай жалғастыратын болды. Жаттығу жұмыстарын бірге жасау үшін команың негізгі қақпашысы - Ван Дер Сарды көндірді. Команданың қосалқы құрамдағы қақпашыларынан емес, дәл сол негізгі қақпашысынан көмек сұрағанын португалдық былай деп түсіндіреді:"Тек үздіктермен жаттығу жасап, үздік атанғым келеді."

Бірде "МЮ" сапындағы әріптестерінің бірі Рио Фердинанд командаластарын үстел теннисін ойнауға қонаққа шақырады. Келген қонақтардың ішінде Криштиануда болды. Үстел теннисін хоббиіне айналдырған Фердинанд Криштиануды еш қиындықсыз үлкен басымдылықпен жеңеді. Қонаққа келген әріптестерінің алдында күлкіге қалған Криштиану бұл жайттан кейін іштей қатты ызаланады. Осы оқиғадан кейін Роналду ағасынан өзіне жеке үстел теннисін алдыртуын өтініп, 2 апта бойы бос уақытын тенниспен айналысуға жұмсайды. Ұжымдастар екі аптадан кейін үстел теннисін қайта ойнауға жиналады. Криштиану ойынды бірінші болып бастап, Тевесті қарсыласы болуға шақырып, әріптестерінің алдында жеңіске жетеді. Португалдық шабуылшының осы қайсарлығынан-ақ жеңіс жолында барлығына дайын екенін көруге болады.

Футбол - инемен құдық қазғандай. Осындай қызығы мен шыжығы қатар жүретін спорт түрінде португалдық шабуылшы Криштиану Роналду деген атқа лайық болу үшін көп қиындықты басынан өткізді. 14 жасында бала Роналдудың жүрегінде ақаулар болғаны анықталды. Сол жайттан кейін 2 айға жуық жасыл алаңға шықпауға мәжбүр болды. Бірақ кішігірім ота жұмыстарының арқасында денсаулығы қалпына келіп, аяқ добымен шұғылдануды одан әрі жалғастырды. Ал енді елестетіп көріңізші, дәл сол жастағы бала Криштиану футболмен айналысқанды тоқтатқанда сіз бен біз жүздеген рекордттар мен сансыз голдарды бүгін көрместе едік.

Шерхан Абзалұлы