Криштианудың қателігі, «Падерборнның» сыйлығы және Ла-лигаға шолу

16.06.2020, 00:49
Өткен аптада Испан біріншілігі де келіп қосылды.

Араға үш ай салып, Испания чемпионаты қайта жалғасты. Өткен демалыста Ла Лиганың 28-ші тур ойындары өтті. Үзілістен кейін басталған кезекті ойындарда мықтылардың бәрі жеңіске жетті. Тек, «Атлетико» ғана ұпай жоғалтты. Биыл чемпиондар лигасына жолдама беретін төртінші орыннан «Севилья» дәмелі. 28-ші турда олар көршілері «Бетистің» осал тұсын тапты. «Хетафе» «Гранадаға» есе жіберсе, Мадридтің «Атлетикосы» Бильбаоның «Атлетигімен» тең ойнады. Есеп: 1:1. Испания чемпионатының қос мықтысы «Барселона» мен «Реал» кезекті үш ұпайын еншіледі. Зинедин Зидан шәкірттері «Эйбарды» қабылдап, 3:1 есебімен басым түсті. Мадрид клубы сапынан Тони Кроос, Серхио Рамос және Марсело мергендік танытты. «Эйбар» ойыншысы Педро Бигас жалғыз доппен жауап қатты. «Барселона» сырт алаңда «Мальорканы» жеңді. Артур Видаль, Мартин Брэйтуэйт, Жорди Альба және Лионель Месси соққан гол Каталония командасының мерейін үстем етті. «Барселона» турнир кестесінде топ бастады. Олардан екі ұпайы кем «Реал» екінші тұр.

Италияда да үлкен футбол қайта жанданды. Ел кубогының жартылай финалдағы қарымта матчтары өтіп, шешуші сынға жолдама алған командалар анықталды. «Ювентус» «Миланды» жолда қалдырды. Алайда екі команда арасындағы матчта есеп ашылған жоқ. Турин клубы бір футболшысы артық болса да «Милан» қақпасынан саңлау таба алмады. Тіпті Криштиану Роналдудың өзі пенальтиді қисық тепті. Алғашқы кездесу 1:1 есебімен аяқталғаны белгілі. Сондықтан сырт алаңда соғылған доп «Ювентусты» Италия кубогының финалына шығарды. Жартылай финалдың келесі жұбында «Интер» мен «Наполи» кездесті. Конте шәкірттері ойын басында есеп ашқан еді. Бірақ Дрис Мертенстің голы таразы басын теңестіріп, «Наполиді» финалға жетеледі. Неаполь командасы алғашқы ойында 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. «Ювентус» пен «Наполи» арасындағы Италия кубогының финалы 18-ші маусымда өтеді. 

Неміс бундеслигасы шарықтау шегіне жетті. 31-ші турда «Бавария» жеңіске жетіп, чемпиондық атаққа сенімді қадам жасады. Мюнхен командасы қалған үш матчта да жеңіледі дегенге ешкім сенбейді. Ханс Флик шәкірттері Менхенгладбахтың «Боруссиясын» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойынға команданың негізгі ойыншылары Левандовски мен Мюллер қатысқан жоқ. «Бавария» сапынан Джошуа Зиркзее мен Леон Горецка көзге түсті. Қорғаушы Бенжамин Павар да қалыс қалмады. Француз жігіті өз қақпасына гол соғып алды.

Екінші орында келе жатқан Дортмундтың «Боруссиясы» «Фортунаға» қонаққа барып, маңызды үш ұпайын алып қайтты. Люсьен Фавр шәкірттері соңғы минуттарда жеңісті жұлып алды. Эрлинг Холландтың голы Дортмунд командасына жеңіс сыйлады. Үздік төрттіктен дәмелі клубтың бірі «Байер» «Шалькемен» ұпайы бөлісті. Есеп:1:1. Басты қарсыластарының ұпай жоғалтқанын «Лейпциг» ұтымды пайдаланды. Нагельсман жігіттері «Хоффенхаймға» қонаққа барып, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Турнир кестесінің төменгі сатысында да тартыс қыза түсті. «Вердер» «Падерборннан» 5:1 есебімен айласын асырды. Бундеслиганың аяқталуына үш тур қалды. Келесі ойындарда чемпиондық атақтың тағдыры шешіліп қалуы мүмкін.   

Қанат Базылхан