Жарнама
Жарнама

Кубок Ресейге кетті

14.06.2011, 14:52
Жарнама
Жарнама
Шанхай ынтымақтастық ұйымының төбе биі атанып отырған Қазақ елі жасөспірім аяқдопшылардың алғашқы халықаралық турниріне ұйытқы болды. Ұйымның 10 жылдығына арналған дүбірлі додада Тәжікстан мен Қырғызстанның, Қытай мен Ресейдің және Қазақстанның қос командасы өнер көрсетті. Іріктеу кезінде еліміздің 2-ші құрама командасы қырғызстандықтардан жеңіліс тауып, ең соңғы орынды місе тұтты. Қытай мен Тәжікстан 3-ші орынға таласып, аспан асты елінің мерейі үстем болды. Ал ақтық айқаста Қазақстанның U-19 командасы мен ресейлік футболшылар кездесті. Ойын өте тартысты өтті. Бернд Шторк пен Дмитрий Алейничевтің шәкірттері аянған жоқ. Алғашқы таймда Сергей Сипатов Қазақстанның қақпасына қос гол салып, дубльдің авторы атанса, отандасымыз Исламбек Қуат алыстан бағыттаған жойқын соққысы арқылы есеп айырмасын қысқартып үлгерді. Екінші таймда бас бапкер Бернд Шторктың шешімімен алаңға премьер-лиганың ойыншылары шықты. Олар қайта-қайта лап қойып, алға ұмтылды. Алайда Бауыржан Исламхан мен Тоқтар Жанқылышбай ұйымдастырған шабуылдар нәтижесіз аяқтала берді. Ұрымтал сәттердің бірінде қарсыластардың командасынан Александр Ильин, сонан соң Әзірет Омаров бір-бір голдан соқты. Осылайша 4-1 деген есеппен ресейліктер жеңіске жетіп, ШЫҰ кубогын иеленді. Жекелей көрсеткіште де Ресей футболистерінің мерейі үстем болды. Олар жарыстағы 5 аталымның төртеуін олжалады. Сәйкесінше, Вячеслав Юсупов - үздік қақпашы, Ярослав Овсянников - үздік қорғаушы, Александр Ильин мен Сергей Сипатов - үздік шабуылдаушы атанды. Қазақстан құрама командасынан көзге түскен бір ойыншы болды. Ол - үздік жартылай қорғаушы Исламбек Қуат. Ойын аяқталған соң Ресей құрама командасының бас бапкері Дмитрий Аленичев тілшілермен тілдесіп, былай деді: - Осы турнирге арнайы шақырылғаныма қуаныштымын. Жасыратыны жоқ, бұл жарыста біз басқаларға қарағанда басым болдық. Маған сіздердің стадиондарыңыз қатты ұнады. Керемет! Басқа айтар сөзім жоқ. Орайы келгенде Қазақстанның құрама командасын және оның бас бапкерін құттықтағым келеді. Олар бізге лайықты қарсылас бола білді. Біз жеңіске жеттік, алайда бұл жеңіс бізге оңай келген жоқ.
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров