Қазақстандық футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс Нигериялық шабуылшы Нкоби Стэнли мансабында жаңа бетбұрыс жасады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Қазақстанның бірнеше клубында доп тепкен, өнерімен де, өмірімен де ерекшеленген Нкоби Стэнли еуропалық футболға қадам басты. Бір кездері КВН сахнасында өнер көрсетіп, ән жазып жүрген легионер енді Испания алаңдарында бағын сынайды.
25 жастағы футболшы Испанияның үшінші дивизионында өнер көрсететін “Альзира” клубына қосылды.
Қазақстандағы мансабы: “Арыстан” басталған жол
Стэнлидің кәсіби футболдағы алғашқы қадамдары 2020 жылы “Арыс” клубынан басталды. Ол сол жылы командамен бірге Бірінші лиганың күміс жүлдегері атанды.
2021 жылдың 4 сәуірінде “Қайсарға” қарсы матчта Қазақстанның ең жоғарғы дивизионында (ҚПЛ) дебют жасады.
Бар-жоғы екі аптадан соң, 19 сәуірде “Каспий” қақпасына өзінің дебюттік голын соғып, жанкүйерлердің есінде қалды.
Ол елімізде “Тұран”, “Жетісу”, “Екібастұз” және “Хан Тәңірі” секілді ұжымдардың намысын қорғаған.
Футбол, музыка және КВН
Стэнли — тек футболмен шектелмейтін жан-жақты тұлға. Оның өмірбаянында қызықты деректер аз емес.
Футболшы бос уақытында музыкамен айналысып, ән жазған және оларды өзі орындаған. Тіпті әуесқой деңгейде КВН сахнасына шығып, көрерменге күлкі сыйлаған кездері де болған. Бірақ бұл хоббилері оның басты арманы — футболға еш кедергі келтірмеді.
Қазақстан құрамасына деген құрмет
Нкоби Стэнли өз сұхбаттарының бірінде Қазақстанды өз үйіндей көретінін және болашақта Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетуден бас тартпайтынын айтқан болатын.
Ендігі кезекте оның Пиреней түбегіндегі ойыны қалай өрбитінін бақылайтын боламыз.
Біздің серіктес: FONBET