Жарнама
Жарнама

«Қызылжар» клубы қаржылық қиындыққа ұшырады

11.07.2025, 16:43

Солтүстік Қазақстан облысының атынан шығатын «Қызылжар» клубы күрделі кезеңді бастан кешіріп жатқаны мәлім болды.

Жарнама
Жарнама

Клуб ойыншылары мен қызметкерлері маусым басталғалы тек үш айдың ғана жалақысын алған. Одан бөлек қосымша жеңістер үшін уәде етілген сыйақылар да әлі төленбеген. Бұл жағдай команда мүшелерінің моральдық күйіне әсер еткенімен, әзірге футболшылардың алаңдағы жанкешті ойынына кесірін тигізе қойған жоқ. Сәуір айының ортасында ғана келген білікті бапкер Милич Чурчич 13 матчында небәрі 3-уінде ғана жеңіліп, 4 жеңіс, 6 тең көрсеткіш тіркеген. Турнир кестесінің ортасында келе жатса да, клуб 20 жылдай уақыттан кейін Қазақстан кубогының жартылай финалында ойнауға мүмкіндік алды. Кубок жолында «Елімайды» ысырып, «Ордабасымен» тең түсті. Финалға шығуға әлі мүмкіндіктері бар. Бірақ... Бүгінде «Қызылжар» қонақ үйлер, әуекомпаниялар, тамақтану және жабдықтау қызметін көрсететін компаниялар алдында қарызға белшесінен батқан.

Ең үлкен мәселелердің бірі — сырт алаңдағы ойындарға сапарды ұйымдастыру. Ұшуға төленбеген қарыздар кесірінен команда көбіне автобуспен жолға шығуға мәжбүр. Мұндай сапарлар 6–7 сағатқа дейін созылып, турнирдің тығыз кестесінде ойыншылардың қалпына келуіне және матчқа дайындалуына кері әсерін тигізуде.

Бұл Қазақстан клубтары арасынан кездесіп жатқан алғашқы қаржылық қиындық емес. Түрлі себептермен «Атырау», «Тұран», «Астана» сынды ұжымдар да біршама уақыт қиындыққа ұшырап, турнирлік кестесіндегі жағдайына әсер еткен болатын. Ендігі қолайсыз жайт «Қызылжарға» да кесірін тигізе ме?

Айта кетейік, «Қызылжар» клубы Қазақстан Премьер-лигасының кезекті турындағы ойынын ертең сырт алаңда «Тұранға» қарсы өткізеді.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Материалда: