Жарнама
Жарнама

Легионерлер құрамы. Үздіктер кім?

05.05.2020, 13:23
Премьер-лигада соңғы 5 жылда көз түскен легионерлер кім? Біз символикалық құрам жасадық. Келіспесеңіз, пікір жазыңыз.
Жарнама
Жарнама

Әдеттегідей қақпашылардан бастаймыз. Алдымен еске Ненад Эрич түседі. Сербиялық футболшы талай жылдан бері Қазақстанда доп тебеді. Сондықтан ол шынында да ел азаматы атанып, тиісті куәлігін алды. Өзге кандидаттар тым артта қалып қойды. Қақпашылар позициясында Эмиль Балаев бар. Әзербайжан жігіті «Тобылда» бір маусым ойнады. 36 матчқа қатысып, 27 гол жіберді. Тамаша көрсеткіш. Алайда ол еліне оралды.  

Енді қорғаушылар шебіне келсек. Алғашқысы – Марин Аничич. Босниялық футболшы Станимир Стойловтың кезінде Қазақстандағы үздік қорғаушылардың бірі болды. «Астана» сапында Еурокубокта көзге түсті. Босния құрамасына шақырту алып, ұлттық команданың жейдесін киді. Аничич әуеде допқа талас кезінде де өз шеберлігін паш етті. Жылдамдығы да тәуір. Еурокубокта «Жальгирис» пен «Славия» қақпасына соққан голдары жанкүйерлер есінде қалды. Былтыр жазда Марин Түркия чемпионатына ауысты. 

Келесі қорғаушы Пабло Фонтанелло. Аргентиналық футболшы «Ордабасыға» 2017-ші жылы қосылды. Оған Италия, Ресей, Қытай клубтары көз тікті. Бірақ оның жасыл алаңдағы жолы Қазақстанда жалғасты. Паблоның пас беру мәнері, көшбасшылық қасиеті мамандардың назарына ілінді.   

Орталық қорғаушылар тізімінде – Фернандер Кассай бар. Орталық Африка Республикасының футболшысы Қостанайға қоныс тепті. Ол 2015-ші жылы Болгария чемпионатынан ауысып келгенді. Кассай төрт маусым бойы «Тобылдың» қорғанысын тас қылып бекітті. 100-ден аса матчқа қатысты. Фернандер «Тобылмен» 2018-ші жылы Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін ұтып алды.   

Орталық алаңда – Абдуллай Диакате. Ол Қазақстанға алғаш рет 2011-ші жылы келді. Содан бері бірнеше командада ойнап, көшбасшылық қасиетімен танылды. Ойынды ұйымдастыруда шеберлігін көрсетті. Сенегал футболшысы «Таразда» көзге түсті. Сосын «Ордабасы» мен «Атырау» жейдесін киді. Диакате 2016-шы жылы Шымкентке қайта оралды. Содан бері команданың негізгі құрамдағы ойыншысы атанды.   

Абдуллайдың қасына Неманья Максимовичті қоямыз. Сербиялық футболшы қазір Испанияның «Хетаве» клубында доп тебеді. Бұл команда Ла лигада үздік бестіктің қатарында келеді. Жас футболшы Қазақстан премьер-лигасында шын шебер екенін дәлелдеді. Оның түзу пастары мен допты жетектеудегі қимылы көпшіліктің есінен кете қойған жоқ. Сондықтан ол Қазақстан чемпионатынан Еуропаның үздік лигасына ауысқан алғашқы футболшы атанды.

Оң қапталда хорватиялық ойыншы Марин Томасов бар. «Астана» жігіті соңғы жылдары ел біріншілігінің нағыз үздігі атанып жүр. Оның сол аяғы талай қақпашыны қапы қалдырды. Техникалық шеберлігі мен қарсыласын алдап өтуі таңдай қақтырады. Тіпті оның қимылын Роббенге ұқсататындар бар. «Астана» сапында Еурокубокта да белсеніп, маңызды голдар соқты. Өткен маусымда елорда командасында 19 гол соғып, 13 нәтижелі пасымен көзге түсті. Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде жеті мәрте қарсыластар қақпасын дәл көздеді.

Легионер болғанына қармастан Қазақстандық клубтың капитаны болған ойыншылар аз. Солардың бірі Карлуш Фонсека. Португалиялық футболшы «Ертістің» жейдесін киіп, павлордар командасын өрге сүйреді. Фонсека Қазақстанға 2015-ші жылы келді. Алғашында «Ертіс» жүлдеден алыс тұрды. Сосын келесі маусымда Дмитар Димитров командасы жүлделі үштіктен көрінді. Қазір «Ертістен» бақ тайған. Команда турнир кестесінің төменгі сатысында түсіп қалды. Бірақ Карлуш командаға адалдық танытты.

Сол қапталда – Исаэль да Силва Барбоза тұр. Бразилиялық футболшы гол соғудың мықтысы екенін паш етті. Техникасы керемет, соққысы да жойқын. Кез-келген қарсыласын алдап өтуге де бар. Алаңның әр бұрышынан қақпаны көздейді. Сондықтан Исаэльдің таңдаулылар құрамында болуы заңдылық. 

Енді шабуыл шебі. Патрик Твумаси «Астана» сапында 171 матчқа қатысты. 69 гол соқты және 27 нәтижелі пасымен көзге түсті. Гана футболшысы чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнады. Еуропа лигасында да доп тепті. Сосын испанияның «Алавес» клубына ауысты. Қазір Түркияда жүр. Твумаси жанкүйерлердің есінде жылдамдығымен есте қалды.      

Қорғаушылардың зәресін алатын шабуылшы. Қазақстан премьер-лигасының үш мәрте үздік мергені. 102 матчта 80 гол соққан. Ол – Жерар Гоу. Код Д Ивуар футболшысы «Қайрат» сапында жасындай жарқырады. Физикалық күш-қуаты мол шабуылшы алғы шепте талайлардың апшысын қуырды. Гоу «Қайрат» сапында 2014-2017-ші жылдар аралығында доп тепті.

Негізгі құрам анықталды. Қосалқы саптағылар қатарына «Оқжетпестің» бұрынғы қақпашысы Саша Стаменковичті қосуға болады. Ол бірнеше маусым Көкшетау командасының қақпасын күзетті. Клубпен бірге 2016-шы жылы ел чемпионатында бесінші орын алды. «Қайсардың» қазіргі көшбасшысы Иван Граф та қосалқы құрамды күшейтеді. Қызылорда командасы алғаш рет еурокубокқа жолдама алды. Жарко Маркович те ұзақ жыл «Қайраттың» қорғанысына жауап берді. Бірнеше команданың жейдесін киген Александр Симчевич те өз деңгейін паш етті. Қазір «Астананы» Иван Маевскисіз елестету қиын. Беларусь жігіті қорғаныс пен шабуыл арасын жалғайтын саңлақтың өзі.  

Анатолий Тимощуктің үздік уақыты Донецкі «Шахтері» мен «Зенит» сапында өтті. Украин футболшысы екі жыл Алматының «Қайратында» да доп теуіп, өз шеберлігін көрсетті. Рохер Каньяс «Шахтер» мен «Астанада» тамаша ойынымен танылды. Бірақ «Ертіске» барып, ойыны сұйылды. Джаба Канкава – Грузиядағы мықтылардың бірі. Андрей Аршавин де спорттағы мансабына Қазақстанда нүкте қойды. Джуниор Кабананга Африка ұлттар кубогында үздік шабуылшы атанды. «Астана» сапында негізгі құрамда ойнады. Малик Мане де ел чемпионатының үздік мергені атанды. Сондықтан қосалқы құрамға енген футболшылар да осал емес. 

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров