Жарнама
Жарнама

Легионерлерге қараған күн

07.04.2012, 01:20
Жарнама
Жарнама
[caption id="" align="aligncenter" width="400" caption="Лукаш БАЙЕР"][/caption]

Еуропалық мамандардың болжамы бойынша Қазақстан футбол нарығында легионерлердің құны 23 миллион 670 мың еуроға тең келеді екен!

Биыл Футбол Федерациясындағы басшылар ел біріншілігінде ойнайтын командаларға сегіз легионер тартуға рұқсат берді. «Жыртыққа жамау» дегендей отандық командалар да осы жайтты пайдаланып, жер жаһанның түкпір-түкпірінен жаңа ойыншыларды бірінен соң бірін әкеліп жатты. Нәтижесінде биыл ел біріншілігінде 31 елден бақандай 83 легионерді жиып үлгерді. Әрине, біздің елге Испания, Аргентина, Бразилия сынды елдердің маңдай алды ойыншылары келмейтіні айдан анық. Есесіне, енді біздің біріншілікте Исландия, Шотландия, Колумбия, Тунис, Орталық Африка сынды елдердің аяқдоп шеберлерінің өнерлеріне қарық боламыз. Ертеректе біз бұл елдердің ойыншыларын емес, бұрынғы Кеңес одағының ойыншыларына көптеп жүгінетінбіз. Бірақ бұл дәстүрді Вахид Масудов пен Анатолий Чернов бұзған болатын.

Біріншісі – елімізге бұрынғы Югославиядан ойыншы алдыртса, екіншісі – бізге Африка құрлығының ойыншыларына есік ашып берді. Бүгінгі күнмен қарап отырсақ, жоғарыда қос бапкердің ішінен Вахид Юнусұлының тәжірибесі көбірек іске асып кеткендей. Оның үстіне Балқан түбегінің ойыншылары отандық командалардың қалтасына шақ келеді. Нәтижесінде еліміздің кез келген футбол клубының қатарында Балтық жағалауының бір ойыншысы міндетті түрде ойнайды. Ресми статистикаға қарайтын болсақ, биылғы маусымда біріншілікте 40 Балтық жағалауының өкілі тер төгіп жүр. Бұл дегеніміз – жалпы легионерлердің 48,19 пайызын құрайды. Оның ішінде 23 аяқдопшы Сербияның азаматы (27,71%).

Қазақстанға ойыншыларды экспорттау жөнінде екінші орында Африка құрлығы алып отыр. Олар біздің елге 12 футболшысын аттандырыпты. Оның ішінде Камеруннан 5 ойыншы (6,02%) келіпті. Қара жігіттермен жұмыс істеу мүлде бөлек. Біріншіден, бұлар не мемлекеттік, не ресми тілді білмейді. Екіншіден, климаттық жағдайға үйренісуі қиын. Үшіншіден, олар бір қалыпты өнер көрсетпейді. Дегенмен де бұл ойыншылардың жалақылары арзан екен...

Жылдан-жылға біздің футболда посткеңестік елдердің ойыншылары азайып келеді. Биыл ел чемпионатына бұрынғы КСРО елінен 11 ойыншы (13,25%) тер төгіп жүр. Көшбасында Украина тұр. Биыл біздің чемпионатта 4 украин (4,81%) азаматы өнер көрсетіп жүр.  

Жуанқалталы бестік

 Биылғы маусымдағы ең қымбат «шартнамасы» деп «Ақтөбемен» келісім жасаған Бранко Иличті атауға болады. Неміс интернет басылымының айтуынша, Бранко батыс өңірінің ұжымын 1 миллион 250 мың еуроға шығындатыпты. Бұл ақпар елеміздегі БАҚ-да тараған мезетте ақтөбеліктер бұл мәліметтің жалған екенін баса айтты. Олардың айтуынша, словениялық ойыншы оларға әлдеқайда арзанға түскен. Мүмкін, ол да рас шығар! Өйткені, Бранко маусым басталар алдында одессалық «Черноморец» командасымен «2+1» жүйесімен келісімшарт жасаспақшы болған. Бірақ шартнаманың соңғы кезеңіне келгенде екі жақ келісе алмайды. Ол кезде кәрі құрлықта трансферлік ауысымда аяқталып қалған болатын. Осыған орай  тез арада басқа ұжымға ауыспаса, жарты жыл жасыл алаңнан тыс қалатын болғандықтан, «Ақтөбеге» ауысқан деген де болжам бар. Бұл тізімде екінші орынды сербиялық ойыншы Милош Михайлов иемденді. Милош бүгінде талдықорғандық «Жетісудың» намысын екінші жыл қатарынан қорғап келеді. Сербиялық қорғаушының бағасы немістердің айтуынша, 900 мың еуро екен. Бір айта кетерлігі, өткен жылы Михайлов еліміздегі жуанқалталы легионерлердің көшін бастап тұрған. Үшінші орында бұл тізімде «Тобылдың» су жаңа ойыншысы – сербиялық қорғаушы Радослав Батак орналасты. Transfermarkt.de басылымының мәлімдеуінше, бұл ойыншының трансферлік құны 700 мың еуро екен. Нови-Сад қаласының тумасы, енді өзіне төленген ақшаны ақтауға барынша тер төгуде. Төртінші орын 600 мың еуромен көкшетаулық «Оқжетпестің» украиналық қорғаушысы Игорь Чучман орнықса, бесінші орын бірден төрт ойыншыға бұйырды. Милош Адамович (Сұңқар), Владимир Джилас («Ордабасы»), Лукас Байер («Ақтөбе») және Сергей Концевойлар («Тобыл») үшін командалар 500 мың еуроға шығындалды.

 Ақшада ағайын жоқ ...

 Неміс басылымының мәліметіне сүйенер болсақ, биыл қазақстан алаңында өнер көрсетіп жатқан легионерлердің жалпы құны 23 миллион 650 мың еуро болыпты. Келімсектерді сатып алу жөнінде еліміздің мақтанышына айналған «Ақтөбе» алдына жан салмапты. Маусымаралық үзілісте Владимир Мұқанов алты ойыншыны шеттен алдыртыпты. Оның екеуі бірден жуанқалталылардың тізіміне енді. Қалған аяқдопшыларды да қомақты сомаға алған.  Арунас Климавичюс (Литва) – 450 мың, Зоран Костич (Сербия) – 350 мың, Дарко Малетич (Босния және Герцеговина) – 300 мың, Владимир Вукайлович (Сербия) – 250 мың еуроға алған екен. Осылайша, «Ақтөбе» трансферлік маусымда келімсектер үшін: жалпы 3 миллион 10 мың еуро жұмсапты. Легионерлерді сатып алу жөнінде үздік үштікке талдықорғандық «Жетісу» мен қостанайлық «Тобыл» еніп отыр. Алматы облысының командасы жалпы саны алты шетелдік ойыншы үшін 2 млн 850 мың еуро жұмсаса, қостанайлық легионның бағасы 2 млн 500 мың еуроға бағаланып отыр. Биылғы жылы футболсүйер қауымды «Оқжетпес» таңғалдырды. Ұзақ жылдар бойы көкшетаулық команда еліміздегі ең нашар қаржыландырылған ұжым ретінде келген болатын. Дегенмен «Оқжетпес» басшылары маусымаралық үзілісте Еуропаны біраз шулатып тастады. Transfermarkt.de порталының айтуынша, жеті келімсек үшін Ақмола облысының клубы 2 млн 50 мың еуроға шығындалыпты. Еліміздің басқа командалар да келімсектерден кет әрі емес. Оларда шеттен келетін футболшыларға айтарлықтай шығындалды: «Қайрат» (Алматы) – 1 млн 850 мың, «Ертіс» (Кереку) – 1 млн 825 мың, «Астана» (Астана) – 1 млн 375 мың, «Тараз» (Тараз) – 1 млн 650 мың, «Ордабасы» (Шымкент) – 1 млн 375 мың, «Сұңқар» (Қаскелең) – 1 млн 175 мың, «Қайсар» (Қызылорда) – 1 млн 95 мың, «Шахтер» (Қарағанды) – 1 млн, «Атырау» (Атырау) – 875 мың, «Ақжайық» (Орал) – 650 мың еуроға қалталары қағылыпты.

 Түйін

 Қорыта айтқанда, биыл легионерлер біріншілікте шұбырып жүр. Олардан бізге қандай пайда тиеді? Бума-бума ақшаны шетке шаша бергенше, әр облыста футбол мектептерін ашса жөн болар еді. Шеттен келгесін бірен-сараңы болмаса, қалған ойыншылардың жан алысып, жан берісіп ойнап жатқанына әлі күнге байқамадық. Еуропа алаңында да қаншама өрге сүйрейтінін жуырда көреміз. Ал ұлттық құрамаға легионерлердің түк те пайдасы жоқ. Бас бапкерге ұнаған бірлі-екілі ойыншының азаматтығын ауыстырып құрамаға ойнататыны бар! Бірақ бұдан не пайда? Оданша қазақтың жас аяқдопшыларының барлық жағдайын жасаса, сол келімсектерден кем ойнамайтынынан кәміл сенеміз!

Уәлихан ҚОСАНБАЙ

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров