Жарнама
Жарнама

Легионерлерге талғам артқан тәрізді

28.03.2011, 16:27
Жарнама
Жарнама

Ұлттық құрамамыздың «Еуро – 2012» іріктеу турниріндегі кезекті ойынына байланысты бүгінде футболдан Қазақстан премьер лигасы үзіліске шықты. Енді чемпионат 31 наурызда қайта жалғасады. Ал біз ел біріншілігіндегі аздаған үзілісті пайдаланып, биылғы маусымда Қазақстанға доп тебуге келген легионерлердің әлеуетін байқап көруді жөн санап отырмыз. Жақсы жайтты жасырмауымыз керек, соңғы жылдары Қазақстан клубтарының ле­гионерлерге деген талғамы күшейіп келеді. Елімізге келіп жатқан легионерлер гео­графиясы да кеңейіп жатқан секілді. Бұрындары Қазақстанда доп теуіп жүрген келімсектердің дені ресейліктер, өзбектер, қырғыздар, сондай-ақ украиналықтарды құрайтын. Бүгінде сонау қара құрлықтың Уганда, Руанда, Мали, Сенегал сынды елдерінің футболшылары да Қазақстан футболында доп теуіп жүр. Чехия, Словения, Тринидан және Тобаго елдерінен де футболшылар шақыра алатын жағдайға жеттік. Тіпті бір кездері қазақ аяқ добына мұрындарын шүйіре қарайтын Испания, Голландия, Аргентина футболшылары да елімізге аяқ баса бастады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанға бет бұрған легионер футболшылардың сапасы өсе бастаған сыңайлы. Жалпы, Қазақстан футболының регламенті бойынша, премьер лигада өнер көрсететін әр клуб өз сапына бес футболшы тіркеуіне болады. Олардың бесеуі де бір мезгілде алаңға шығуына рұқсат бар. Ел футболының регламентіндегі бұл ережені еліміздің «Тараздан» басқа барлық клубы барынша пайдаланған секілді. Бәрі де құрамына бес легионерді тіркеген. Алайда «Тараз» биылғы маусымның бірінші бөлігін төрт легионермен өткізуге мәжбүр. Өйткені сапындағы бір легионері, нақтырақ айтсақ, серб шабуылшысы Неманья Йовановичтің бұрынғы клубымен шикілігі бар болып шығып, сол шикілік түзелмейінше басқа клубта ойнай алмайтын болды. Иә, Йованович сынды футболшыдан айырылу «Та­разға» оңай тимесі анық. Оның әлеуеті қаншалықты деңгейде екенін білу үшін Неманьяны білетіндердің пікірілеріне сүйеніп көрелік. Жақында «Таразды» 1:0 есебімен ұтқан керекулік «Ертістің» бас бапкері Талғат Байсуфинов серб шабуылшысы туралы «Йовановичтің ойнамағаны дұрыс болды. Әйтпесе бізге оңай болмас еді» десе, Неманьяның бұрынғы жаттықтырушысы испандық Лопес Каро «бұл – футболшы емес, айдаһар» деген екен. Міне, «Тараз» осындай футболшыдан айырылып отыр. Дегенмен Қазақстанға доп тебуге келген басқа легионерлердің деңгейлері де Йовановичтен асып түспесе, көпшілігі осал емес. Сонымен, премьер лигамызда өнер көрсететін легионерлеріміздің барлық саны 59. Оның ішінде – бір қақпашы, 18 қорғаушы, 20 жартылай қорғаушы және 20 шабуылшы. Жалғыз қақпашымыздың есімі – Ненад Эрич. Өткен жылы Алматының «Қайратының» қақпасын күзеткен серб биыл «Локомотив» қақпасын қорғайтын болады. Бір қызығы, маусым соңында ел чемпионатының легионерлерден құралған символикалық құрамын құрайтын кезде Эрич, негізгі құрамда ойнасын-ойнамасын, символикалық құрамнан орын алатын болады. Ал географиялық тұрғыдан алсақ, биыл Қазақстан чемпионатында өзімізді қоспағанда әлемнің 25 елінің өкілдері доп тебеді екен. Оның ішінде Азия, Еуропа, Африка, Америка құрлықтарының да саңлақтары бар. Бәрінен де Сербия футбол­шылары көп. Тіпті бұлардан жеке бір команда шығаруға да болады. «Ақтөбе» мен «Атырау» командалары ғана құрамын серб футболшыларымен күшейтуді жөн көрмепті. Айтпақшы, осы жерде айта кетейік, биыл Қазақстан премьер лигасында өнерін паш ететін 59 легионердің 17-сі бұрын-соңды Қазақстан жасыл алаңдарында ойқастаған. Енді тақырыбымыздың соңында легионерлеріміздің Қазақстан футболына қаншалықты үйренісіп үлгергеніне аз-кем тоқталып өтсек. Маусым басталғалы үш тур өтті дейтін болсақ, «Тобылдың» босниялық шабуылшысы Самир Бекричтен басқа легионерлердің барлығы да осы аралықта бір кездесуден болса да қатысып үлгеріпті. Содан бері легионерлер барлығы 14 гол соғып, біреуі, яғни «Тараздың» босниялық қорғаушысы Дамир Мемишевич автоголдың авторы атанған. «Востоктың» серб шабуылшысы Саша Добрич, «Атыраудың» нигериялық легионері Ибе Зито және «Ақтөбенің» сенегалдық саңлағы Малик Маненің екі гол соғып үлгергенін айта кеткен жөн. Ал сары қағаздарға келсек, үш турда 24 легионер ескерту алып үлгерген екен. Оның ішінде «қайсарлық» Филипп Эдейпо екі мәрте ескерту алса, «Ертістің» малилік қорғаушысы Мамуту Кулибалиге үш мәрте сары қағаз көрсетіліпті. Міне, биылғы маусымда премьер лигамызда өнер көрсетіп жүрген легионерлер осылар. «Бұлар Қазақстан футболының деңгейін арттыра алды ма?» деген сұраққа чемпионат аяқталғанда жауап іздейтін боламыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров