ҚФФ дәл қазір бос орынға жаңа маман іздеуде.
Шамамен 5-6 үміткер бар көрінеді және басымдық шетелдік маманға берілетін ұқсайды. Осы орайда біз бос жүрген, құраманы тізгіндеуі мүмкін деген үміткерлерді бір тізіп көрдік.
Ұзынқұлаққа сенсек, ҚФФ басшылығы енді Қазақстан тізгінін шетелдік маманға ұстатпақ ниетте. Мұндай жағдайда, бірнеше қызықты нұсқаларды қарап көруге болады.
Фернанду Сантуш
Сегіз жыл бойы баптаған Португалия құрамасымен 2016-жылғы Еуроны ұтқан соң Фернанду Сантуштың жолы болы болар емес. 70 жастағы маман Польша құрамасының тізгінін 2023-тің қаңтарынан қыркүйегіне дейін ғана ұстады. Еуро іріктеуіндегі 5 ойынның үшеуінде ұтылған соң португалиялықта нкүдер үзген еді. Содан бері Сантуш «Бешикташ», Әзербайжан құрамасында жұмыс істеп үлгерді. Соңғы жұмыс орны Әзербайжанның бас бапкерлігінен өткен аптада ғана қуылғандай кеткен (11 матчта 9 жеңіліс, доп айырмашылығы 4-29). Кім біледі, мүмкін көршілес Қазақстанда бағын сынап көрер?
Жозе Моуринью
Өткенде ғана «Фенербахчеден» кеткен португалиялық маман әлі де ешқайда бармады. Көпшілік «ерекшені» «Байермен» байланыстырады. Бірақ, ол жақта да өзінің үміткерлері бар көрінеді. Мәселе - Моуринью осыған дейін тек клубтармен жұмыс істеп келген. Ұлттық құрамамен тәжірибесі жоқ деуге болады. Мүмкін, «Ерекше» сол ерекшелігін көрсету үшін экзотикалық Қазақстанға келеді?! Футболда бәрі мүмкін...
Эрик Тен Хаг
Бұл да сол Жозе Моуриньюнікіне ұқсас жағдай. «Байерде» екі-ақ ойын өткізіп үлгерген нидерландылық маманды клуб басшылығы қуғандай қылыпты. «Аякс», «МЮ» секілді клубтардағы жұмысымен танымал жаттықтырушы да өзін жаңа қырынан сынап көргісі келетін шығар.
Владимир Чебурин
Қазақстандық маман да бос. Өткенде ғана Литва біріншілігіндегі «Жальгиристен» қуғандай кетті. Чебурин ондағы біріншілікті алты рет ұтқан. «Жальгириспен» үш рет топ жарса, тағы екі мәрте «Судувамен» чемпион атанды. Осы ұжымдармен Литва кубогі жолындағы жарыстарда да бірнеше рет бас жүлде еншілегенін қоса кету керек. Бұдан бөлек, В. Чебурин 2017, 2018 және 2019 жылдары Литва біріншілігінің үздік бапкері атағын жеңіп алды. 58-жасар маман «Жальгирис» пен «Судувадан» бөлек қазақстандық «Шахтер» және «Оқжетпес» секілді командаларды да жаттықтырды.
Нұрбол Жұмасқалиев
Әли Әлиев кетеді деген әңгімеден кейін біраз сарапшының аузына бірден түскен үміткер. Құрама штабында жұмыс істеген, ішкі атмосферамен жақсы таныс. Мәселе - Нұрбол Жәрдемұлының өзі «электрический столды» таңдауға бейіл ме? Алдымен осы жағын анықтап алған ләзім. ҚПЛ-дің ең маңызды бөлігінде «Тобыл» басшылығына мұндай сценарийдің ұнай қоймасы анық. Қостанайлықтар Кубокте де жақсы мүмкіндікке ие. Қысқасы, Жұмасқалиевтің онсыз да жұмысы шаш етектен.
Біздің серіктес: FONBET