Кеше, 5 маусымда Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси Эстониямен болған жолдастық кездесуде (5:0) пента-трик жасады.
Осылайша, Лео ұлттық құрама сапында соққан голдар санын 86-ға жеткізді. Ол аты аңызға айналған венгриялық шабуылшы Ференц Пушкашты (89 кездесуде 84 гол) басып озып, ұлттық құрамалар тарихындағы үздік сұрмергендер тізімінде төртінші орынға жайғасты.
Үздік үштікте малайзиялық экс-шабуылшы Мохтар Дахари (142 матчта 89 гол), ирандық футболшы Али Даеи (148 матчта 109 гол) және португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду (187 матчта 117 гол) бар.
«Біз маусымды жақсы аяқтай алмадық. Бірақ Финалиссиманы жеңіп, бүгін әлем чемпионатына дайындық аясында тағы бір матч өткіздік. Стадионға келген барша жанкүйерлерге рахмет. Біз бірнеше күн демалып, алаңға қайта оралатын боламыз! Мен барлығын құшақтаймын!», - деді Месси әлеуметтік желідегі парақшасында.
Матч барысында Лионель Месси мансабындағы 56-шы хет-тригін жасады. Бұл көрсеткіш бойынша бірінші орында «Манчестер Юнайтед» пен Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду тұр (60 хет-трик).
Біздің серіктес: FONBET