Жарнама
Жарнама

«Мадрид-Каталония» спектаклі. 3 бөлімнің соңы…

28.04.2011, 20:16
Жарнама
Жарнама
Бүкіл әлем көз тіккен Чемпиондар Лигасының тағы бір ойыны тарих қойнауына аттанды. Төрткүл дүниені дүрліктірген қос испандық клубтың жолы биылғы жылы үшінші мәрте түйісіп отыр. Алайда ол мұнымен шектелмейді. Келер аптада Камп Ноу стадионы нағыз «ертегі театрына» айналады. Өйткені, финалға берілер жолдама үшін жан алысып жан беріскен ойын осы алаңда өтеді. Енді кеше түнде болған ойынға қысқаша шолу жасалық. Футболда өзіндік ғажайыптарға толы дүниелерді ойлап тапқыш португалдық маман бұл жолы діттегеніне жете алмады. Ә дегеннен шабуылға иек артқан каталондықтар допты өз ырықтарына көндіріп, королдық клубтың жігіттеріне тек «жаяу жүруді» қалдырды. Испания астанасына 20 ойыншысын ала келген Гвардиола бұл ойында финалға басты үміткер «Реал» клубы деген болатын. Алайда осыған дейін қос бапкер сөзге келіп қалып, кімнің мықты екенін ойын барысында анықтаймыз деген мәмілеге тоқтаған еді. Бір байқағанымыз бұған дейін бапкерлік орындықта отыра алмайтын Жозе «Барселонамен» болған ойындарда жайбарақаттық танытты. Былтыр ғана «Интерді» осы клубтан келесі кезеңге шығарғанда қалай қуанғанын бүкіл әлем көрген еді. Әйтседе барсаның бабында екенін білетін бапкер олардың ойнау тәсіліне көндіккен секілді. Мына бір жайтты ескергеніміз жөн болар. Осыған дейінгі болған әр матчта «Реалдықтардың» сапынан кем дегенде бір ойыншы алаңнан қуылып келген еді. Дәл осыған орай Жозе: «Мен төрешілердің осындай шешімінен шаршадым, олардың барлығы Барселонаға жақ» деді. Алайда кешегі ойыннан соң Жозе тағы да сұхбат берді. Ол өзінің неміс қазысы Штарктың төрешілік жасағанына көңілі толмайтынын білдіре келе: «Мен егерде төрешілер туралы шындықты айтар болсам, онда бапкерлік жұмысым осы жерден тамамдалады. Бірақ мен Неге? деген сұраққа жауап алғым келеді. Эврэбе, Бузакка, Штарк секілді төрешілер жартылай финалда осындай өрескел қателіктерге бой алдырады. Мүмкін олар УЕФА-дан қорқатын болар. Мен Хосеп Гвардиоланың адамгершілігін және бапкерлігін құрмет тұтам. Бірақ мен Барселонаның ешқандай у-шусыз финалған шыққанын қалар едім. Біз енді Пепесіз, Серхио Рамоссыз Барселонаға аттанамыз. Біз бәрібір гол салған күннің өзінде, төрешілердің бүйрегі Барсаға бұрары анық» – деп ағынан жарылған екен журналистер алдында. Иә, мұнысымен келісуге болады. Бұған дейінгі Барселонаның ойындары да дәл осындай айқай-шуларға толы болған еді. Алғашқы ойынның нәтижесі қонақтарды біраз серпілтіп тастады. Он ойыншымен әлемнің үздік клубтарының біріне қарсы ойнаған мадридтіктер екінші таймның орта тұсына таман екі гол жіберіп алып, «Сантьяго Бернабеу» стадионына жиналған 80 000-нан астам көрерменнің алдында ұятқа қалды. Онымен қоймай алаңнан қуылған Пепенің отандасы әрі бас бапкер Жозеде трибунадан орын алуға мәжбүр болды. Ол төрешілердің жұмысын кекесінді түрде бас бармақпен бағалап, керемет қазылық етіп жатырсыңдар дегенді меңзеді. Сол үшін де оны УЕФА мамандары бапкерлік орындықтан аластатуға мәжбүр болды. Дүниежүзілік футболға төңкеріс әкелген қос таланттың қырқысы осылайша аргентиналықтың пайдасына шешілді. Лео Месси соққан қос гол ойынға «майлы нүкте» қойды. Осылайша футбол дейтін ойынның майын ішіп, жілігін шаққан Жозе Моуринью барлық кегін келер аптаға қалдырды. Камп Ноуға қонаққа баратын мадридтіктер үшін шешуші ойын шын мәнінде оңайға соқпасы анық. Бірақ жоқ жерден ақыл табатын Жозе бапкердің ғажайып ерлігіне сенетіндер «Ертегі театрында» Реалмен МЮ-ды көргісі келеді. Әбден мүмкін…. Еркін Шәкірұлы
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров